Чернобыль апаты. 40 жыл өтсе де ұмытылмаған қасірет

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CVSvAGC1GzhPIiv8LncxMeL4VCm1Y1WSGcplJQFh.jpg

Биыл 26 сәуірде Чернобыль атом электр стансасындағы дүлей апатқа 40 жыл толды.

1986 жылғы дәл осы күні Чернобыль атом электр станциясының 4-реакторы жарылып, ядролық энергетика тарихындағы ең ірі техногендік апат тіркелген еді. Апат салдарынан реактор толықтай бүлініп, қоршаған ортаға орасан көлемде радиоактивті заттар тарады. Радиация бұлттары сол кездегі Украин КСР аумағынан асып, қазіргі Украина, Беларусь және Ресей жерлерін, сондай-ақ Еуропаның бірқатар елдерін қамтыды.

Апаттан кейін станса маңында 30 шақырымдық оқшаулау аймағы құрылып, 115 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Шамамен 5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері айналымнан шығарылды. Радиациялық ластану аймақ тұрғындарының өміріне, денсаулығына және экологияға ұзақ мерзімді зиян келтірді.

Апат салдарын жоюға шамамен 550 мың адам жұмылдырылды. Олардың қатарында Қазақстаннан барған 30 мыңға жуық азамат бар. Қазіргі таңда солардың шамамен 6 мыңға жуығы ғана ортамызда.

Чернобыль трагедиясы бейбіт атомға деген сенімге үлкен соққы болды. 1986 жылдан 2002 жылға дейін Солтүстік Америка мен Батыс Еуропа елдерінде бірде-бір жаңа атом электр станциясы салынбағаны — соның айғағы.

2003 жылы өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы саммитінде сол кездегі Украина президенті Леонид Кучма 26 сәуірді Халықаралық радиациялық апаттар құрбандарын еске алу күні деп жариялауды ұсынды.

Чернобыль апаты — адамзат тарихындағы ең ауыр техногендік қасіреттердің бірі. Арада 40 жыл өтсе де, оның зардабы толық жойылған жоқ. Бұл оқиға ядролық қауіпсіздік мәселесінің маңызын әлемге қайта еске салды.

Comments
Other materials