Астанада «Sun Study» балаларды дамыту орталығының екінші филиалы ашылды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FJkeafvFNbaYR2QGDvTpru7fn2UCtplBzYR7NnDk.jpg

«Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып, күн болам!» деп жырлаған Сұлтанмахмұт Торайғыров мұрасын темірқазық еткен «Sun Study» балаларды дамыту орталығы елордада өз қызмет аясын кеңейтіп, екінші филиалын ресми түрде іске қосты.

Ашылу салтанаты ерекше мазмұнда өтіп, оған қоғам қайраткерлері, журналистер, зиялы қауым өкілдері мен ата-аналар қатысты. Іс-шара барысында ақсақал Жангелді Шымшықов ақ батасын беріп, орталық жұмысына сәттілік тіледі.

Салтанатты жиында сөз сөйлегендер қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Самат Нұртаза, тележурналист, PR және коммуникация маманы Ринат Кертаев, сондай-ақ қазақ күш өнерін зерттеуші, мәдениеттанушы Абылайхан Қалназаров болды. Олар өз сөздерінде жас ұрпақ тәрбиесі мен сапалы білім берудің маңыздылығына тоқталды.

Жобаға ақпараттық және қоғамдық қолдау білдірген тұлғалар қатарында “Садақ медиа” жобасының негізін қалаушы Дәурен Дариябек, Kznews.kz порталының бас редакторы Асқар Беков, алаштанушы ғалым Ұшқын Сайдрахман, “Алаш Орда” ұлттық порталының бас редакторы Серік Жолдасбай, “Самұрық-Қазына” қорына қарасты Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығының бас директоры Елдос Өмірзақұлы, белгілі журналист Әділбек Жапақ және “Рух жаңғырығы” қоғамдық қорының директоры Айдар Хамит бар.

 

Орталықтың ашылу рәсімінде лентаны Жангелді Шымшықов, Самат Нұртаза және Ринат Кертаев қиып, жаңа білім ордасының есігін айқара ашты.

 

 

Салтанатты шара барысында ата-аналар арасында түрлі ойындар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға орталықтың оқу ақысына жеңілдіктер ұсынылды. Сонымен қатар, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары өткізіліп, мерекелік көңіл-күй қалыптасты. Қонақтарға арнайы фуршет ұсынылып, келгендердің барлығы дәмнен ауыз тиіп, еркін форматта пікір алмасуға мүмкіндік алды.

Орталықтың басты ерекшеліктерінің бірі – оның оқу-тәрбие үдерісі Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ойлары мен идеяларына негізделуі. Яғни, мұнда білім беру тек академиялық бағытпен шектелмей, ұлттың рухани құндылықтарын, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымды қалыптастыруға бағытталған. Әсіресе Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай сынды тұлғалардың мұрасы арқылы балалардың санасына елге қызмет ету, білімге ұмтылу, ұлттық сана секілді құндылықтар сіңіріледі.

Сонымен қатар, орталықта балалардың жан-жақты дамуына бағытталған түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, қыш өнеріне арналған (гончарный) үйірме, ораторлық шеберлік, шахмат, ағылшын тілі, домбыра, актерлік шеберлік, сурет салу және вокал бағыттары қамтылған. Бұл бағыттар балалардың шығармашылық, зияткерлік және коммуникативтік қабілеттерін қатар дамытуға мүмкіндік береді.

Жалпы, «Sun Study» орталығының екінші филиалының ашылуы – елордадағы білім беру кеңістігін кеңейтіп қана қоймай, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, ұлттық рухта тәрбиеленуіне бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Comments
Other materials