Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев өмірден озды

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZX81n6ZqGyKOHBIwWombiMsVtEfqSO9XFbxy13Gg.jpg

Белгілі актер, Қазақстанның халық әртісі, театр режиссері, профессор Есмұхан Обаев 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің дамуына, сахна мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық режиссура мен актерлік мектептің қалыптасуына арнаған көрнекті тұлға болатын. Ұлт мәдениетінің мерейін өсірген, театр өнерінің абыройын асқақтатқан ардақты азамат қай кезеңде де өнерге адалдықтың, кәсібіне жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді.  Ол тәрбиелеген буын, сахналаған туындылар мен қалыптастырған көркемдік ұстаным қазақ театрының алтын қорында қала бермек. Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Есмұхан Несіпбайұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!»–делінген хабарламада.

Айта кетейік,  Есмұхан Обаев –  платиналы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, мемлекеттік стипендияның лауреаты. Ол әр жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының қоюшы-режиссері, Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері, Семейдегі Абай атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі және бас қоюшы-режиссері қызметтерін атқарған еді.

Comments