Ұсталған блогердің туыстары Тоқаевқа ашық хат жолдады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/0Z3seTFPbnWEJOL6yY9h33n5H8q4ijUdDSOJc6Q7.jpg

Алматыда жалған ақпарат таратты деген күдікпен 10 тәулікке қамалған блогер Әділетхан Молдаханның туыстары Президентке, Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне ашық хат жолдап, істі әділ әрі объективті тергеуді сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Туыстарының мәліметінше, блогер қазіргі уақытта Алматыдағы СИ-8 тергеу изоляторына ауыстырылған. Оған қатысты тағайындалған сараптама нәтижесі 9 сәуірге дейін шығуы тиіс. Осы қорытынды негізінде оның әрекетінде қылмыс құрамы бар-жоғы анықталады.

«Біз Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінен әділдікті талап етеміз. Оны тек мемлекеттік ұстанымға қайшы пікір білдіргені үшін жалған ақпарат таратушы ретінде жазалауға болмайды», – делінген хатта.

Жақындарының айтуынша, Әділетхан Молдахан бұрын полиция қызметкері болған және заңгерлік білімі бар. Сондықтан ол жалған ақпарат таратудың құқықтық салдарын жақсы түсінеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы («Бұқаралық ақпарат құралдарын немесе интернет арқылы жалған ақпарат тарату») бойынша тергелуі мүмкін. Бұл бапта айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.

Туыстары блогердің «басқаларға ескерту ретінде қолданылуынан» қауіптенетінін айтып, тергеудің ашық әрі әділ өтуін талап етті. Сондай-ақ олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан істі жеке бақылауға алуды сұрады.

Comments