Жасөспірімдер арасындағы күйзеліс мәселесі бүгінгі қоғамда өзекті тақырыптардың біріне айналды. Психологиялық қысым, әлеуметтік орта, отбасындағы түсініспеушілік - мұның бәрі баланың ішкі әлеміне әсер етеді. Психолог Ұлмекен Сәндібекқызының айтуынша, бұл мәселені дер кезінде байқап, дұрыс қолдау көрсету – ең маңызды қадам. "Адырна" тілшісі материалда тарқатады.
Күйзелістің басты себептері қандай?
Маманның сөзінше, жасөспірімдердің психологиялық күйіне бірнеше фактор әсер етеді. Соның ішінде ата-анамен қарым-қатынас, буллинг, әлеуметтік желілердегі қысым ерекше орын алады.
«Көп жағдайда бала өз ойын ашық жеткізе алмайды. Ішкі күйзелісті жасырып, жалғыз өзі күресуге тырысады. Ал бұл жағдай уақыт өте келе ауыр салдарға әкелуі мүмкін», – дейді психолог.
Белгілерін қалай байқауға болады?
Ұлмекен Сәндібекқызы ата-аналарға баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге мұқият болуға кеңес береді. Себебі күйзелістің алғашқы белгілері көбіне елеусіз қалады.
Оның айтуынша, назар аудару қажет белгілер:
- тұйықталу, жалғыз қалуға ұмтылу
- бұрын ұнатқан нәрселерге қызығушылықтың жоғалуы
- ұйқы мен тәбеттің өзгеруі
- ашуланшақтық немесе немқұрайлылық
«Бұл – жай ғана өтпелі кезең деп қарауға болмайтын сигналдар», – дейді маман.
Ата-ананың рөлі қандай?
Психолог ең алдымен ата-ананың қолдауы маңызды екенін айтады. Баламен ашық сөйлесу, оны тыңдау және түсінуге тырысу – басты міндет.
«Балаға ақыл айту емес, оны тыңдау маңызды. Ол өзін қауіпсіз сезінуі керек. Егер бала ата-анасына сенсе, кез келген қиындықты бірге жеңуге болады», – дейді Ұлмекен Сәндібекқызы.
Қалай көмектесуге болады?
Маманның пікірінше, ең бастысы – уақытылы әрекет ету. Егер балада ауыр күйзеліс белгілері байқалса, психологтың көмегіне жүгінуден қорықпау керек.
Сондай-ақ:
- баланың эмоциясын жоққа шығармау
- қолдау көрсету және жылы қарым-қатынас орнату
- әлеуметтік қысымды азайту
- қажет болған жағдайда маман көмегіне жүгіну
«Суицид – мәселенің шешімі емес. Әр балаға түсіністік пен қолдау керек», – деп түйіндеді психолог.
