Атырау облысында ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдіктілер Индонезиядан елге наурыз айында жеткізіледі. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша екі күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілген.
«Жақын арада екі күдікті Индонезиядан Қазақстанға жеткізіледі. Жұмыс атқарып жатырмыз. Осы айда алып келеміз. Басқа елдерден келген әріптестерімізбен келу бағыттарын пысықтадық және Қылмыстық процессуалдық кодекс бойынша жұмысымызды жалғастырамыз»,-деді Әділов.
Журналистер ішкі істер министрінің орынбасарынан істе басқа күдіктілердің бар-жоғын сұрады.
«Қазіргі уақытта істі екі күдіктіге қатысты жүргізіп жатырмыз. Атырау облысында арнайы тергеу тобы құрылып, жұмыс істеп жатыр»,– деп жауап берді ол.
Еске салайық, былтыр Атырау облысы Жангелдин ауылында тұратын ерлі-зайыптылардың жоғалғаны туралы ақпарат тараған еді. 25 желтоқсанда туыстары полицияға арызданғаннан кейін іздестіру жұмыстары басталды. Кейінірек үй ауласындағы шаруашылық нысанынан ерлі-зайыптылардың мәйіттері табылды.
