Референдумның маңызы зор – Айбек Дәдебай

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nccVoYG3rZj4rxAxNXRG9wbi9Ajin399aXF0tFII.webp

Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша өтетін референдумға дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдағы референдум еліміз үшін де, барлық азаматтар үшін де аса маңызды саяси оқиға саналады. Осыған байланысты барлық құқықтық рәсімдердің сақталуы мен заң талаптарының қатаң орындалуы басты назарда.

«Мемлекеттік органдардың негізгі міндеті – дауыс беру үдерісін толыққанды ұйымдастыру. Яғни, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз ету, сайлау учаскелерінің жұмысын үйлестіру, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау маңызды», – деді ол.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасын әзірлеуге тікелей қатысып, оның мазмұнына ерекше мән бергені атап өтілді.

Айбек Дәдебайдың сөзінше, Мемлекет басшысы азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан түскен ұсыныстарды жеке өзі қарап, талдаған. Сондай-ақ Президент кеңесшілермен және жұмыс топтарымен бірлесіп, Конституцияның кіріспесі мен негізгі баптарын әзірлеуге белсенді атсалысқан.

«Президент соңғы жарты жыл ішінде Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс топтарымен және Конституциялық комиссия мүшелерімен тұрақты түрде кездесіп отырды. Кей жағдайда бұл кездесулер ұзақ уақытқа созылды», – деді ол.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, Конституция мәтінімен түнгі уақытта да жұмыс істегені айтылды.

Айбек Дәдебай жаңа Конституция жобасында Президенттің саяси бағыты, қоғам мен мемлекетті дамытуға қатысты көзқарастары мен ұстанымдары кеңінен көрініс тапқанын жеткізді. Оның пікірінше, осының бәрі Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның басты авторы екенін көрсетеді.

Comments
Other materials