Конституциялық реформа және балалар спортын дамыту: Астанада “Жеңіс” футбол орталығында кездесу өтті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/G5ApNc8VFKOktEj9KyVhxpvzzKnXingSVqZ5oYWV.jpg

Астана қаласында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық филиалының өкілдері «Жеңіс» футбол орталығында тәрбиеленіп жатқан балалардың ата-аналарымен және орталық жаттықтырушыларымен мазмұнды кездесу өткізді. Кездесуге 400-ге жуық адам қатысып, ашық форматта пікір алмасты.

Іс-шараға Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық филиал жетекшісі Ерлан Каналимов және Қазақстан футбол федерациясы-ның Бас хатшысы Давид Лория қатысты.

Кездесу барысында жаңа конституциялық үлгінің негізінде адам дамуының басымдығы тұрғаны, өңіріне қарамастан әрбір балаға тең мүмкіндіктер жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екені атап өтілді. Балалар мен жасөспірімдер спорт секцияларының қолжетімділігі артып, жаңа футбол алаңдары мен академиялар салу бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқаны ортаға салынды. Бүгінде елімізде бұқаралық футболмен 1,1 миллионнан астам адам қамтылғаны спорттың қоғамдағы орнының айрықша екенін көрсетеді.

«Конституциялық реформалардың басты өзегі – адам және оның әлеуеті. Балалар спортына инвестиция салу – бұл ұлт болашағына салынған инвестиция. Әрбір бала сапалы инфрақұрылымға, кәсіби жаттықтыруға және қауіпсіз ортаға қол жеткізуі тиіс. Конституцияда бекітілген әлеуметтік әділеттілік қағидаттары спорт саласының да тұрақты дамуына құқықтық негіз қалыптастырады»,— деп атап өтті Ерлан Каналимов. 

«Футбол – тәрбие мектебі. Бұл балаларға жауапкершілік, тәртіп пен командалық рухты үйрететін орта» — деді Давид Лория, сондай-ақ федерацияның спорттық жүйесін дамытуға арналған стратегиялық жоспарларымен бөлісті. Ол балалар футболының дамуына бағытталған мемлекеттік саясат пен қоғамдық қолдаудың маңыздылығын атап өтті және республикалық деңгейде спортты қолдаудың артып келе жатқанын айтты.  

Кездесу ашық әрі интерактивті форматта өтті. Ата-аналар мен жаттықтырушылар футбол саласындағы инфрақұрылымды жақсарту, жаттықтырушылардың мәртебесін көтеру, балалар жарыстарын көбейту және өңірлік қолдауды күшейту мәселелерін көтерді.

Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық филиалы алдағы уақытта да спорт ұйымдары, білім беру саласы және өзге де әлеуметтік сала өкілдерімен кездесулер өткізіп, Конституциялық өзгерістердің мәнін түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.

Comments