Ақтөбеде референдумды қолдауға арналған жастар фестивалі өтті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/q4F0hlK5JSye09n8hzqYhg3lVDkKYoW9ydX8mNzR.jpg

Ақтөбеде Бөкенбай батыр көшесінде жаңадан ашылған «Анвар» гипермаркетінің алдында референдумды қолдауға арналған жастар фестивалі ұйымдастырылды.

Ашық аспан астында өткен мерекелік кеш қала тұрғындарына саяси науқан аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік берді.

Іс-шараны қала жастары ұйымдастырды. Сахнада оқу орындарының студенттері мен өнер ұжымдары өнер көрсетті. Жиналған қауымға облыстық коалиция мүшелері Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева референдумды тарихи кезең деп атады. Оның айтуынша, Конституция – мемлекеттің тірегі әрі болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін басты құжат.

«Біз бүгін тарихи кезеңнің куәсі болып тұрмыз. Конституция — мемлекетіміздің тірегі, болашақ ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін басты құжат. Қабылданатын өзгерістер әділетті, прогрессивті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған. Баршаңызды референдумға келіп, дауыс беруге шақырамын. Болашағымыз үшін бірге шешім қабылдайық!», — деді облыстық мәслихат депутаты Айгүл Нұркеева.

«Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштық елдегі тұрақтылық пен реформалардың маңызына тоқталды.

«Бұл өзгерістер — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділетті қоғам құруға және жастарды қолдауға бағытталған саясатының нәтижесі. Жаңа Конституция — жай құжат емес, білімге, ғылымға және инновацияға жол ашатын маңызды бастама. Бұл — әр жасқа берілген нақты мүмкіндік. Референдум — “Мен еліммен біргемін!” деп айтатын шешуші сәт. 15 наурыз — әр азамат дауыс беру арқылы ел тарихын айқындайтын күн. Біз таңдау жасап, болашақты бірге құрамыз!», — деді ол.

Сондай-ақ «Анвар» сауда желісінің директоры Аслан Қайырғалиев те өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, жаңа жоба аясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, еңбек құқықтары конституциялық деңгейде бекітіледі.

«Қаламызда іргелі нысандардың бой көтеруі Президенттің кәсіпкерлікті қолдау саясатының тікелей жемісі деп айта аламын. Әр адамның құқығы мен бостандығы мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалып отыр. Әр азамат сапалы еңбек етіп, өзі қалаған кәсіп түрімен айналысуға құқылы. Елдік мүдде мен жарқын болашақ үшін барша ақтөбелікті жаңа Конституцияны қолдауға шақырамын! Еліміз аман, кәсібіміз берекелі болсын!», — деді Аслан Қайырғалиев.

Айта кетейік, республикалық референдум 15 наурызда өтеді.


Comments
Other materials