Иранда қазақ қызының кітабы жарық көрді

102
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hhcPjX43cSNbpghoPPDMdQ7oYZIioii73Rf1Xcpw.jpg

Иранда қазақ қызы Атрие Чалактың «Сұр түсті ағаш» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Туынды 50 дана тиражбен жарық көрген. Бұл туралы Голрох Жеменей айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Маңғыстау газетіне сілтеме жасап.

«Бұл кітап – Күнсұлу есімді бойжеткенге ессіз ғашық бозбаланың ішіне бүккен сезім иірімдерінің сыршыл баяны. Күнсұлу басқа елге қоныс аударады. Махаббат дерті меңдеген жігіт мәнсіз, мазасыз күндерді кешіп жатады. Сүйіспеншілік өмірге өзгеше реңк береді. Махаббатпен ғұмыр мәнді бола түсетіндей ме?! Ал құлай сүюдің қасіретіне тұншыққан мәжнүн ақыл мен сезім азабын қатар тартады. Жігіттің жан дүниесіндегі бітіспес егес, ішкі психологиялық арпалыс оның образын аша түседі. Кейіпкер түстер көре бастайды. Көңілі құлазыған сәттерде шеккен күйiгi мен тартқан тақсiретiн қағаз бетіне түсіреді. Оқиға осылайша өрбиді. Сұр, сұрғылт түс әдетте «қайғы», «азалы мұң» ұғымымен астасады. Сұр түс – сол сәттегі күйзеліс күйреткен жігіттің жан көрінісі. Сондықтан мен осы атауды құп көрдім»,- дейді кітап авторы.

Ол алғашқы әдеби олжасын сюрреализм жанрына жатқызады.

Атрие Чалак Иран елінде Бендер – Түрікмен қаласында туып-өскен. Руы – көрпе. Ол – парсы әдебиетін жетік меңгерген қазақ жастарының бірі. Болашақта танымал кинорежиссер болуды армандайды. Қазақ қызы шығармашылық қабілетін кино саласына, соның ішінде қазақ киносының дамуына бағыттауға құлықты. Ирандағы оқуын аяқтаған соң, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қандастарға арналған бағдарлама аясында оқуға түспек. Атрие қазақ тілін терең меңгеруге зейін қойған. Ирандағы қандастардың көбі қазақ тілін тұрмыстық деңгейде меңгерген. Сондықтан Атрие ана тілінде еркін сөйлеп, көрікті ойды көркем жеткізе алатындай дәрежеде игергісі келеді.

Comments