Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметов журналистермен кездесіп, ұлттық парктің соңғы жылдардағы жұмысы, жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды "Адырна".
Оның айтуынша, ұлттық парк 1996 жылы 164 мың гектар жермен құрылған болса, бүгінде ерекше қорғалатын аумақ көлемі 200 мың гектардан асқан. Мұны мемлекеттің табиғатты қорғау және табиғи мұраны сақтау бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі десе болады.
– Соңғы отыз жылда ұлттық парк аумағында 5 миллионнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Орманды қалпына келтіру және экожүйелердің тұрақтылығын сақтау жұмыстары одан әрі жалғасады, – деді Елнұр Ахметов.
Журналистер ұлттық парктегі өрт қауіпсіздігі жөнінде сұрады.
– Биыл өрт қауіпсіздігі шараларын күшейтіп жатырмыз. Өртке қарсы арнайы жолақтардың ұзындығы екі мың шақырымнан асады, сонымен қатар төрт өрт сөндіру станциясы тәулік бойы жұмыс істейді. Парк аумағында 41 өрт сөндіруші маман қызмет етеді, – деді ұлттық парк басшысы.
Өз кезегінде Елнұр Ахметов экологиялық туризм саласындағы инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асып жатқаны да тілге тиек етті.
– Отыз жыл бұрын бір ғана инвестициялық жоба іске асырылса, қазір олардың саны 94-ке жетті. Бұл – өңірдің туристік әлеуетін арттырып, тұрақты экологиялық туризмді дамытуға жасалған үлкен қадам. Алдағы үш жылда тағы 30 жаңа туристік бағыт ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Елнұр Ахметов.
Сонымен қатар, ұлттық парктің ғылыми зерттеулер мен биоалуантүрлілікті сақтау бағытындағы жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Бас директордың ойынша, табиғатты қорғау шараларының нәтижесінде соңғы отыз жылда сирек кездесетін жануарлардың саны айтарлықтай артқан.
– Мәселен, ілбістердің саны төрт есеге жуық өсті. Бұрын 10 дарақтан аспайтын болса, бүгінде олардың саны 39-ға жетті. Бұл мемлекеттік және қоғамдық деңгейдегі кешенді жұмыстың нәтижесі, – деп атап өтті Елнұр Ахметов.
Оның айтуынша, ұлттық паркте сирек кездесетін өсімдіктерді жасанды ортада көбейтетін заманауи in-vitro зертханасы ашылған. Бұл да парк жұмысының ғылыми әлеуетін көрсетеді.
Жалпы, Іле-Алатауы ұлттық паркі табиғатты қорғаумен қатар, тұрақты экологиялық туризмді дамыту мен экологиялық мәдениетті арттыруға үлкен үлес қосуда.