Bolashaq.me платформасы – болашақ мамандарға арналған цифрлық экожүйе

5067
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QVxoP6Fq6WjQHkBeQAZEkYguhpmHCXVxvXRmhm6U.jpg

Қазіргі еңбек нарығы бұрынғыдай тұрақты емес. Әр бірнеше жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болып, кейбірі өзектілігін жоғалтады.

Осындай қарқынды өзгерістер кезеңінде болашақта сұранысқа ие болу үшін кәсіби бағытты ерте айқындау маңызды.

Осы қажеттілікті ескере отырып, Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры «Тәлімгер» жобасы аясында Bolashaq.me цифрлық профориентациялық платформасы іске қосылды. Жоба жасөспірімдерге мамандықты саналы таңдауға көмектесетін жаңа буын инфрақұрылымы ретінде ұсынылып отыр.

Bolashaq.me платформасы қолданушыларға арнайы тестілеуден өтіп, өзіне сәйкес келетін мамандықтар спектрін анықтауға мүмкіндік береді. Әрі қарай оқушы немесе студент таңдалған мамандықтың мазмұнымен тереңірек таныса алады: жұмыс күні қалай өтеді, қандай дағдылар қажет, еңбек нарығындағы сұраныс деңгейі қандай, жалақы мөлшері қанша – барлығы жүйеленген форматта ұсынылған.

Платформа базасында 24 сала бойынша топтастырылған 1000-нан астам мамандық қамтылған. Әр мамандыққа балама атаулар енгізілген, бұл іздеу процесін жеңілдетеді.

Кіші сынып оқушылары үшін ақпарат жеңіл әрі түсінікті тілде ұсынылса, жоғары сынып оқушылары мен студенттерге нақты еңбек шарттары мен жұмыс берушілердің талаптарына басымдық беріледі.

Жоба алдағы уақытта да дамытылады: мектеп профориентологтарына арналған әдістемелік материалдар мен ата-аналарға практикалық кеңестер қосылады. Сонымен қатар тест нәтижесіне сәйкес жоғары оқу орындарындағы мамандықтар туралы нақты деректер енгізу жоспарланған.

Бизнес – серіктес әрі тәжірибе көзі

Bolashaq.me платформасын әзірлеуге бизнес өкілдері де тартылған. 100-ден астам мамандық бойынша нақты салада еңбек етіп жүрген кәсіби мамандардың бейнематериалдары жарияланған. Олар өз жұмыс орнын көрсетіп, мамандықтың артықшылықтары мен қиындықтары туралы шынайы тәжірибесімен бөліседі.

Бұл тәсіл жасөспірімге мамандықты сырттай емес, «ішінен» көруге мүмкіндік береді. Яғни таңдау абстрактілі сипаттамаларға емес, нақты тәжірибеге негізделеді.

AI – жеке бағыттаушы құрал

Платформада жасанды интеллект негізіндегі кеңесші жұмыс істейді. Ол тест нәтижелерін талдап, кәсіби қызығушылықтарды нақтылап, жеке ұсыныстар қалыптастырады.

2026 жылы AI функционалы кеңейтіліп, жүйе пайдаланушының жас ерекшелігі мен дағдыларының даму динамикасын ескеретін ұзақ мерзімді сүйемелдеу құралына айналады.

Сервис толықтай тегін және Kundelik.kz білім беру жүйесімен интеграцияланған. Бұл оны еліміздің кез келген өңіріндегі оқушылар үшін қолжетімді етеді.

Bolashaq.me платформасының іске қосылуы – адам капиталына бағытталған жүйелі инвестициялық стратегияның бір бөлігі. Қаржы, өнеркәсіп, инвестиция және білім салаларын біріктіретін экожүйе еліміздегі ірі жеке жұмыс берушілердің қатарына жатады.

Осы тұрғыда білімге салынған инвестиция – жекелеген қайырымдылық акциясы емес, экономикалық стратегияның логикалық жалғасы. Экономика мүмкіндіктер жасайды, білім сол мүмкіндіктерге дайындайды, ал цифрлық құралдар саналы таңдау жасауға жол ашады.

Bolashaq.me жасөспірім үшін осы мүмкіндіктер экожүйесіне бастар алғашқы қадам болмақ. Платформа арқылы оқушы қай салалар қарқынды дамып жатқанын, қай бағытта кадр тапшылығы бар екенін, болашақта қандай дағдылар сұранысқа ие болатынын және нақты нәтижеге жеткізетін білім беру траекториясын түсіне алады.

Осылайша ірі жұмыс беруші тек жұмыс орындарын құрумен шектелмей, алдағы 10–15 жылға арналған кадрлық резервтің қалыптасуына да үлес қосады.

Comments