Бірыңғай нарық қарық қыла ма? Астана ЕАЭО-да бензин бағасынан алдыға шықты

93
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vac1A5MttiMqUiwWuxqqQdxTNWP48g1Fdflo6VrA.webp

Қазақстан 2025 жылы бензиннің бөлшек бағасының өсуі бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында бірінші орын алды. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссия деректеріне сүйенген Orda.kz жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Қаңтар–желтоқсан аралығында жанармай бағасы жанармай құю бекеттерінде 15,7%-ға өскен. Екінші орында  Қырғызстан (15,1%), үшінші орында  Ресей (10,8%). Беларусьте баға 6,7%-ға өсті, ал Арменияда керісінше 0,8%-ға төмендеді. ЕАЭО бойынша орташа өсім 11,1% болды.

Айлық көрсеткіш бойынша да (желтоқсан қарашамен салыстырғанда) Қазақстанда бензин бағасы 0,4%-ға қымбаттап, бұл да Одақтағы ең жоғары нәтиже саналды.

Дизель отыны бір жылда 14,1%-ға қымбаттап, бұл көрсеткіш те мүше елдер арасында ең жоғары болды. Одан кейін Қырғызстан (11,1%), Ресей (8,3%), Беларусь (6,6%) және Армения (–0,9%). ЕАЭО бойынша орташа өсім 8,8%-ды құрады.

Қазақстанның көшбасшы болуына өткен жылдың қаңтарында бензин мен дизель бағасын ырықтандыру ықпал етті. Сол кезде үкімет бөлшек бағаларды реттемейтінін, бірақ олардың күрт өсуіне жол бермейтінін мәлімдеген.

Қазан айында тұтынушылық инфляцияның жеделдеуі аясында Энергетика министрлігі жанармай құю бекеттеріндегі бағаны одан әрі көтеруге мораторий енгізді. Бастапқыда бұл шектеу 2026 жылдың наурызының соңына дейін жалғасады деп жоспарланған, алайда вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев ақпан айының ортасында «мораторийді алып тастау мәселесі әзірге қарастырылып жатқан жоқ, шешімді үкімет қабылдайды» деген болатын.

Электр энергиясының қымбаттауы жағынан Қырғызстан (20,9%) бірінші орында. Екінші орында - Ресей (13,1%), үшінші орында - Беларусь (11,9%), ал Қазақстан - төртінші орында (8%). Арменияда өсім 0,1% болды, жалпы ЕАЭО бойынша  12,6%.

Сонымен қатар доллармен есептегенде Қазақстандағы бензин бағасы ЕАЭО ішінде ең төмен деңгейде қалып отыр: литрі $0,46. Салыстырмалы түрде Ресейде  $0,82, Қырғызстанда –  $0,87, Беларусьта  $0,88, Арменияда  $1,38.

Келесі жылдан бастап ЕАЭО аясында мұнай мен мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығы іске қосылуы тиіс. Бұл мүше елдердегі баға деңгейін теңестіруге әкелуі мүмкін. Қазіргі уақытта Қазақстанның Энергетика министрлігі бензин мен дизель экспорттауға, соның ішінде ЕАЭО елдеріне де, алдын ала келісілген шағын көлемдерден басқа жағдайда, тыйымды сақтап отыр.

Comments