ШҚО 2025 жылды әлеуметтік-экономикалық серпінмен аяқтады – облыс әкімі

5049
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PlQrY6ceTNyhWdYaAoeefd0QYXYQRoXulKV6mtMY.jpg

Шығыс Қазақстан облысы 2025 жылды әлеуметтік-экономикалық дамудың оң серпінімен аяқтады. Өңір өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және туризм салаларында бірқатар маңызды жетістікке қол жеткізді. Сонымен қатар экологиялық мәселелерді шешу және табиғатты қорғау бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов «Адырна» тілшісіне берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өсім

«2025 жыл Шығыс Қазақстан облысы үшін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің жағымды серпінін танытқан кезең болды. Өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 3,3 трлн. теңгеге жетіп, өсім қарқыны 125,9% құрады. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 2,9 трлн. теңгеге бағаланды»,-деді ол.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалатынын жеткізді. Айтуынша, бұл салада өнімнің нақты көлем индексі 102,0%, ақшалай өсім 106,6% болған, ал жалпы өнім көлемі 554,6 млрд. теңгені құраған.

Бал өндірісіндегі көшбасшылық

Шығыс Қазақстан облысының республикада бал өндірісі бойынша көш бастап тұрғаны да сөз болды.

«Өңір еліміздегі бал өнімінің 50%-дан астамын өндіреді. Өткен жылы шамамен 3 мың тонна бал өндіріліп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе артты. Бал шаруашылығы тек жергілікті нарықта ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал болуда. Екі ірі венгриялық компания өңірдегі бал өндірушілермен ынтымақтасуға мүдделі. «Пасека Буньковых» шаруашылығы «Экспортты акселерация 2025» бағдарламасына қатысып, ал «Сан Би Алтай» ЖШС Еуропа комиссиясының тізіміне енгізіліп, 27 елге ресми экспортқа шыққан алғашқы қазақстандық кәсіпорын атанды»,- Нұрымбет Сақтағанов.

Өскемен қаласының экологиясы

Ол Өскемен қаласының экологиясы бұрыннан назарда тұрғанын мәлімдеді. Әкімнің сөзінше, қала тұрғындары жел соқпай, қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасқан күндері көшелерді түтін басып, ауа сапасының нашарлайтынына жиі шағымданады.

«Қалада 134 000-нан астам автокөлік тіркелген, оған пеш жағып отырған 36 мыңға жуық жер үйлерді қоссақ, автокөліктер түтіні қала ауасына тарайтын зиянды шығарындылардың 58,9%-ын құрайды. Жылыту маусымында жер үйлер тұрғындары 250 000 тоннадан астам көмір жағып, 14 100 тонна зиянды қалдықтардың ауаға таралуына ықпал етеді.

Өскемен – Алтай тауларының етегіндегі әсем қала. Ертіс пен Үлбі өзендерінің суы қыс мезгілінде қатпайды, ал аяз бен желдің жоқтығында қалың тұман түзіледі. Бұл кезде түтін ауа қабатының жерге жақын бөлігінде жиналып, қысқы ахуал туындайды. Жазда мұндай жағдай болмайды: пеш жақпайды, көлік қыздырылмайды, өзендер буланбайды, ал зауыттар қысы-жазы тұрақты жұмыс істейді. Ірі өнеркәсіп орындары өңір үшін маңызды, мыңдаған адамға жұмыс беріп, еңбек династияларын қалыптастырған. Дегенмен, былтырдан бері қолайсыз метеорологиялық жағдайларда өндіріс қуаты 20-50%-ға дейін уақытша төмендетіліп, зауыттар мен экологтар арасында келісім жасалды»,-деді басшы.

Әкім облыс экологиясын бақылау мақсатында қалада 10 бақылау бекеті, 25 бағдарламалық-аппараттық кешен және Halyk Bank қолдауымен алынған мобильді зертхана жұмыс істейтінін жеткізді. Сондай-ақ ірі кәсіпорындарда автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізіліп, зауыттардың зиянды шығарындылары қадағаланады.

Туризмді дамыту

Одан бөлек, туризм тақырыбы да көтерілді.

«ШҚО-ның табиғаты – нағыз көркем өнер туындысы. Аспанмен астасқан асқар таулары, жасыл желегі жайқалған ну орман, мөлдір өзен-көлдер – туристерді таңдай қақтыратын әсем көрініс. Туризмді дамыту төрт кластер бойынша жоспарланған:

• Катонқарағай ауданындағы wellness-туризм,

• Марқакөлдегі экотуризм,

• Риддер қаласындағы тау шаңғысы туризмі,

• Өскемен қаласы мен оған іргелес Ұлан және Глубокое аудандарындағы демалыс күнгі туризм»,-деді Нұрымбет Аманұлы.

Айтуынша, Риддерге жақын маңда жыл бойы жұмыс істейтін «Анатау» туристік кешені салынып, тау туризмі мен спортшыларды даярлау орталығына айналады. Биыл Өскемен, Риддер, Катонқарағай және Самар аудандарында орналастыру нысандары үшін ірі жобалар басталады. Катонқарағай мен Зайсан аудандарында әуежайларды аяқтау арқылы шалғай аудандармен тікелей әуе қатынасы ашылады. 2026 жылы 23 туристік аймақта инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске қосылады.

«2026 жылы 23 басым туристік аумақ бойынша инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылады. Сондай-ақ инженерлік желілер, ұялы байланыс, интернет, кірме жолдар, жол бойындағы сервистік нысандар мен санитарлық-гигиеналық тораптар жасақталады»,-деді ол.

Әлеуметтік-экономикалық жетістіктер

Нұрымбет Аманұлы туризм саласында кадр мәселесі де назардан тыс қалмайтынын мәлімдеді.

«Әкімшілер, даяшылар, аспаздар, гидтер мен бөлме қызметкерлерінің тапшылығы байқалады. 2026 жылы туристік салада сұранысқа ие 70 маман арнайы оқытудан өтіп, қызмет көрсету сапасы арттырылады. 2025 жылы 28,7 мың жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-тен аспады. Денсаулық сақтау саласында сырқаттанушылық төмендеді, мектепке дейінгі білім 100%-ке қамтылды, сумен жабдықтау толық қамтамасыз етілді. Көлік инфрақұрылымын дамытуда 856 км жол жөнделіп, нормативтік жолдардың үлесі 94%-ке жетті»,-деді басшы.

ШҚО-ны 2030 жылға дейін дамыту стратегиясы

Әкім облыс экономикасын әртараптандыру мақсатында туризм, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өнеркәсіптік өндірістерді терең қайта бөлу және цифрландыру бағытында нақты шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

«Шығыс Қазақстан өңірі алдағы жылдары да әлеуметтік-экономикалық өсімді тұрақты ұстап, инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жұмыстарын жалғастыра береді. Соңғы жылдары өңірдің дамуы мен стратегиялық бағытына ерекше мән беріліп келеді. «Шығыс Қазақстан облысын 2030 жылға дейін дамыту стратегиясы» атты құжат өңірдің өсу бағыттарын нақтылай отырып, Өскемен қаласын ірі хаб ретінде дамытуға, сондай-ақ шекаралық аймақтардың рөлін күшейтуге басымдық береді. Стратегияда өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, терең қайта өңдеу технологияларын енгізу және қосылған құнға назар аудару маңызды бағыттар ретінде айқын көрсетілген.

Сонымен қатар, логистика, газификация, туризм және жаңа индустриялар сияқты перспективалы салалар да айқындалған. Осы бастамаларды жүзеге асыру үшін өңірде арнайы орталық құрылады, онда нақты мерзімдер мен жауапты тұлғалар көрсетілген егжей-тегжейлі «Жол картасы» жасалады. Шығыс Қазақстан өңірі алдағы жылдары да әлеуметтік-экономикалық өсімді тұрақты ұстап, инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған жұмыстарына тоқтамай жалғастыра береді»,-деп түйіндеді өңір басшысы.

Comments