Еуропа одағы Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын террористік ұйым деп таныды

297
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SNqJoMxKsNGN4AGc98CYt9mj4GsUQ4Y7jblPmgKC.jpg

Еуропа одағы Иран Ислам революциясы сақшылар корпусын (КСИР) террористік ұйым деп таныды. Шешім 29 қаңтар күні Брюссель қаласында өткен ЕО елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінде қабылданды. Бұл қадам Тегеранға қарсы жаңа санкциялар пакетінің негізгі бөлігіне айналып, КСИР-ге байланысты құрылымдарды Еуропа аумағында қудалаудың құқықтық мүмкіндігін кеңейтеді, деп хабарлайды "Адырна" порталы Euronews-ке сілтеп.

Сонымен қатар ЕО Иранға қатысты қосымша шектеу шараларын бекітті: шамамен 30 жеке және заңды тұлға санкция тізіміне енгізілді. Брюссель оларды ел ішіндегі репрессияларға және Украинадағы соғысты қолдауға қатысы бар деп санайды. Олардың Еуроодақтағы активтері бұғатталады, ЕО азаматтары мен компанияларына оларды қаржыландыруға тыйым салынады, виза шектеулері енгізіліп, экспорттық бақылау күшейтіледі.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусын жалпыеуропалық террористік тізімге енгізу туралы шешім Франция бұрынғы қарсылығынан бас тартқаннан кейін мүмкін болды. Париж бұған дейін қолданыстағы санкциялармен қайталану қаупі және Иран түрмелеріндегі француз азаматтарының тағдырына алаңдаушылық себепті бұл бастаманы тежеп келген. Сондай-ақ Тегеранмен соңғы диалог арналары үзіліп қала ма деген қауіп те болған.

Брюссельде КСИР Ирандағы исламдық режимді қорғайтын параллель әскер ретінде сипатталады. ЕО бағалауынша, ол жаппай наразылықтарды қатаң басып-жаншу әрекеттеріне қатысқан, соның салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, ондаған мың адам ұсталған, интернет пен байланыс кең көлемде өшірілген.

Еуропалық құқық қорғаушылар мен кейбір министрлер құрбандар саны ондаған мың болуы мүмкін дейді, ал Иран билігі қаза тапқандардың тек бір бөлігін ғана мойындап, жауапкершілікті «лаңкестерге» жүктейді.

ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас КСИР-ді террористік тізімге енгізу оны Аль-Каида, ХАМАС және ДАИШ сияқты топтармен «бір деңгейге қоятынын» айтты және Тегеранға нақты сигнал беретінін жеткізді: «егер террорист сияқты әрекет етсең - террорист ретінде қарастырыласың». Сонымен бірге ол санкциялар күшейтілсе де, Иранмен дипломатиялық байланыс арналары сақталатынын атап өтті.

Comments