Бүгін, 26 қаңтарда, Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ержан Бабақұмаровты өлтіру ісі бойынша алдын ала тыңдау өтті. Айыпталушы Ербол Каукетайға ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр, деп хабарлайды “Адырна” порталы Курсив сайтына сілтеп.
Судья Айжан Күлбаева алдын ала тыңдауда жәбірленушілер өкілдері мен қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырып, істі жабық сот отырысында қарау туралы қаулы шығарды.
«Жәбірленушілер өкілдері мен қорғаушының өтініші қанағаттандырылсын. Каукетайға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралсын. Осы қаулы түпкілікті болып табылады, шағымдануға және наразылық келтіруге жатпайды», — деді судья.
Айжан Күлбаеваның айтуынша, жабық форматты таңдау ең алдымен марқұмның кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғау қажеттілігімен байланысты.
«Бұл шешім, ең алдымен, қаза тапқан адамның кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында қабылданды, өйткені оның 16 және 12 жастағы екі кәмелетке толмаған баласы бар. Адам өміріне қарсы аса ауыр қылмыс туралы сөз болып отырғанын ескере отырып, қылмыстың сипаты мен жасалу тәсілінің бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жариялануы қоғамдық талқылауға әкелуі мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Ержан Бабақұмаров 1969 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған. Саясаттану ғылымдарының кандидаты, Қоғамдық саяси ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан саяси ғылымдар қауымдастығының мүшесі.
Әр жылдары Қазақстанды дамыту институтының Саяси зерттеулер орталығын, Президент әкімшілігінің Ақпараттық-талдау орталығын, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметін басқарған. Сонымен қатар мәдениет және ақпарат вице-министрі, мәдениет және ақпарат министрлігінің жауапты хатшысы, ҚР Премьер-Министрі кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
2018 жылдың желтоқсанынан бастап Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің Талдау және болжау орталығының меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2019 жылы Президенттің кеңесшісі – Президент әкімшілігінің Талдау және болжау орталығының меңгерушісі қызметін атқарды.
Бұған дейін Ержан Бабақұмаровтың Астанада төбелес кезінде қаза тапқанын хабарланды. Бұл ақпаратты елордалық полиция департаменті де растады.
Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін іс сотқа жолданды.
Cultural scientist: Dimash Kudaibergen should be awarded with the title of "Hero of Labor of Kazakhstan"!