Сақтар қымыз ішкен. Ғылыми дәлел табылды

269
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Dyp6tamHKMmEFgS4zQ2p0qhhVzcMIiWwYHpFxajH.jpg

Ғалымдар сақ дәуірінде өмір сүрген адамдардың тіс тасын зерттеп, олардың күнделікті тағамында сүт және сүт өнімдері маңызды орын алғанын анықтады. Мамай-Гора және Бельское қалашығы сияқты ірі археологиялық ескерткіштерден табылған адам сүйектеріне жүргізілген талдау нәтижесінде сақтардың бие сүтін де пайдаланғанына қатысты алғаш рет биомолекулалық дәлел табылды.

Зерттеу барысында халықаралық ғалымдар тобы – Австрия, Германия, АҚШ, Украина және Швейцариядан келген мамандар ежелгі адамдардың тіс тасындағы ақуыз қалдықтарын палеопротеомдық әдіспен қарастырған. Жобаға Цюрих университетінің зерттеушісі Шеван Уилкин жетекшілік етті. Ғылыми мақала PLOS ONE журналында жарияланған.

Зерттелген екі негізгі археологиялық нысан шамамен б.з.д. 700–200 жылдар аралығын қамтиды. Оның бірі – Полтава облысындағы Бельское қалашығы, ол бірнеше қоныс пен қорымнан тұратын және ұзындығы 34 шақырымға жуық қорғаныс құрылымымен қоршалған ірі кешен ретінде белгілі. Екінші нысан – Запорожье облысындағы Мамай-Гора қорымы. Бұл жерден жүздеген жерлеу орындары табылған, оның ішінде сақ кезеңіне тән қабірлер де бар.

Ғалымдар жалпы 43 тісті (28 адамға тиесілі) талдауға алған. Алайда барлық үлгілерде зерттеуге жарамды биологиялық қалдықтар сақтала бермеген. Соның нәтижесінде қосымша іріктеуден кейін зерттеуге 11 адамнан алынған 15 тіс ғана қалдырылған.

Талдау қорытындысы бойынша алты адамның тіс тасынан сүт өнімдерін тұтынғанын көрсететін ақуыздар табылған. Оның басым бөлігі сиыр, қой, ешкі сияқты күйіс қайыратын жануарлардың сүтіне тән болып шықты. Ал ең ерекше дерек – Бельское қалашығынан табылған бір адамның тіс тасында бие сүтіне тән бета-лактоглобулин-1 ақуызы анықталған.

Бұл ғылыми тұрғыда өте маңызды жаңалық саналады. Себебі зерттеушілердің айтуынша, бұл — сақтардың бие сүтін немесе одан жасалған өнімдерді пайдаланғанын дәлелдейтін алғашқы биомолекулалық дерек.

Скифтер (сақ) туралы ежелгі грек тарихшысы Геродот өзінің «Тарих» еңбегінде жазып қалдырған. Оның айтуынша, сақтар тек жылқыны көлік немесе соғыс құралы ретінде пайдаланбаған, сонымен қатар бие сүтін ішкен, тіпті қымызға ұқсас ашытылған сусын дайындаған болуы мүмкін.

Жаңа зерттеу нәтижелері осы тарихи мәліметтің ғылыми тұрғыда расталғанын көрсетеді.

Зерттеушілердің пайымдауынша, сүт пен сүт өнімдері скифтер үшін тек тағам ғана емес, сонымен қатар су мен қоректік заттардың тұрақты көзі болған. Яғни көшпелі өмір салты жағдайында бұл өнімдер үздіксіз өндіріле алатын әрі қолжетімді маңызды ресурсқа айналған.

Ғалымдардың бұл жаңалығы сақтардың шаруашылығы мен тұрмысы туралы түсінікті кеңейтіп, олардың жануарларды, соның ішінде жылқыны әлдеқайда кең мақсатта пайдаланғанын дәлелдей түседі.

 

Comments