Жақып Асанов: жеке деректердің қорғалмауы – мемлекетке тікелей қауіп

74
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ktXTjNNR8dB4CLtFJbXjaUrSkfgg7ws8bSW913Z5.jpg

ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында жеке деректерді қорғау мәселесінің өзектілігіне назар аударды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оның айтуынша, цифрлық дәуірде азаматтардың құқығы тек қағаз жүзінде емес, нақты әрі тиімді түрде қорғалуы тиіс. Соңғы жылдары көшедегі қылмыс айтарлықтай азайғанымен, алаяқтық пен тонау цифрлық кеңістікке көшкен.

Мысал ретінде Асанов Ақмола облысында әшкереленген қылмыстық топты атады. Ұйымдасқан топ 348 азаматтың жеке деректерін заңсыз иемденіп, олардың атынан шамамен 4 миллиард теңге көлемінде несие рәсімдеген. Нәтижесінде адамдар банкке бармай-ақ, құжатқа қол қоймай-ақ, күтпеген жерден қарызға батқан.

Сенат Төрағасының орынбасары смартфон мен интернетке тәуелді қазіргі өмірде азаматтардың жеке деректері алаяқтардың оңай олжасына айналып отырғанын айтты. Оның пікірінше, Конституцияда бекітілген жеке өмірге қол сұқпаушылық қағидаты цифрлық кеңістікте де толық қамтамасыз етілуі қажет.

«Адам көшеде де, үйде де өзін қорғалған сезінеді. Бірақ интернет пен смартфон кеңістігінде мұндай сенім жоқ. Жеке деректер қолдан қолға өтіп, азаматтар күн сайын алаяқтардың құрбанына айналуда. Әр адам қайда жүрсе де — шынайы өмірде болсын, цифрлық ортада болсын — өзінің қорғалғанын сезінуі тиіс. Бұл мемлекеттің тікелей міндеті», – деді Жақып Асанов.

Ол сөз соңында Конституциялық реформа аясында жеке деректерді қорғау мәселесін арнайы қарастыру қажет екенін атап өтті. 

Comments