Ұлытау облысындағы Жаңаарқа ауылының тумасы Манарбек Төлеу Disney компаниясында сәулетші қызметін атқарып жүр. Бұл туралы Digital Business жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол сәулет өнеріне бала кезінен қызыққанын мәлімдеді. Айтуынша, әкесімен бірге ат қоралар мен түрлі шаруашылық нысандарын салған. Кеңістікті өз қолымен жасауды ұнатқан жас жігіт кәсіби архитектор болу үшін Лос-Анджелестегі Оңтүстік Калифорния университетіне оқуға түскен.
Кейін халықаралық EXPO көрме орталығы, Астанадағы Abu Dhabi Plaza және Түркістандағы Karavan Saray сауда-ойын-сауық кешені сияқты ірі жобаларда жұмыс істеген. Біраз уақыттан соң қазақстандық маман АҚШ-қа қайта оралып, NBCUniversal компаниясының командасына қабылданған. Ал кейіннен Walt Disney Imagineering – әлем бойынша Disney тақырыптық саябақтары мен аттракциондарын жасайтын бөлімшеден ұсыныс алған. Бұл жерде Манарбек 3D-визуализация мен AR технологияларын қолдана отырып, Disneyland үшін иммерсивті кеңістіктердің дизайнына жауап береді.
«Disney компаниясына қабылдану жолым оңай болмады. Алты рет сұхбаттасып, өте алмадым. Мен компания мәдениетін толық білмейтінмін. «Сіздің сүйікті Disney кейіпкеріңіз кім?» немесе «Сүйікті аттракционыңызды айтыңыз» деген сұрақтарды күтпедім. Дегенмен, берілмей, бос орындарға өтінім беруді жалғастырдым. Соңында Walt Disney Imagineering-тен ұсыныс алдым. Бұл команда саябақтар, аттракциондар, круиз лайнерлері мен қонақүйлер жасайды»,-дейді ол.
Айтуынша, маңызды факторлардың бірі – студенттік жылдардағы портфолио болған.
«Дипломдық жобамда көшпелі өмір салты идеясын қалалық өмірді қайта ойластыру концепциясымен біріктірген едім. Бұл аға имаджинерлерді қызықтырды. Walt Disney Imagineering-де мен иммерсивті кеңістіктермен айналысамын. Көптеген дәрістер мен мастер-класстардан кейін Disney-дің сторителлингтегі негізгі принциптерін меңгердім. Оқиға мен эмоцияны дизайнға енгізуді, сондай-ақ креатив идеяларды нақты сәулет және өндірістік шектеулерге бейімдеуді үйрендім»,-дейді Манарбек Төлеу.
Қазіргі таңда қазақстандық маман Disneyland Monorail дәмханасын қайта қалпына келтіру концепциясы бойынша жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«Оны Уолт Дисней салған, бірақ 1999 жылы бұзылған екен. Мен үлкен жауапкершілік сезінемін. Ностальгиялық атмосфераны ретро-футуристік стильде қайта жасау қажет. Осы мақсатта мен көптеген түпнұсқа сызбаларды зерттедім. Сәтті шығады деп ойлаймын»,- деп қосты сәулетші.