Аралды құтқару мәселесі әлі де барша адамзат үшін өзекті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Президенттің айтуынша, Қызылордаға келіп, Арал мәселесіне тоқталмау мүмкін емес. Мемлекет басшысы жылдар бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Солтүстік Аралды сақтап қалуға қол жеткізілгенін атап өтті.
"Жүргізілген жүйелі жұмыстың арқасында қашқан теңіз қайтып, Кіші Арал біртіндеп қалпына келе бастады. Қазіргі таңда Көкарал бөгетін биіктету шаралары қолға алынып жатыр. Жоба осы жылдың соңында басталады. Бұл Кіші Аралдағы судың көлемін едәуір арттыруға мүмкіндік береді", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алайда Президент бұл мәселе тек Қазақстанның қолында емес екенін баса айтты. Себебі еліміздегі ірі өзендердің басым бөлігі көрші мемлекеттердің аумағынан бастау алады.
"Дарияның басында тұрған елдердің су саясатына байланысты Сырдария суы теңізге әр жылдары әртүрлі көлемде жетеді. Сондықтан көптеген түйткілдің шешімі су саласындағы сауатты дипломатияға байланысты", — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, қазіргі таңда Орталық Азия елдерімен су ресурстарын бірлесіп пайдалану жөнінде келісімдер жасалған. Дегенмен, Аралмен қатар Каспийдің, Балқаштың, Ертістің де тағдырын шешу үшін көршілермен тұрақты мәмілеге келу қажет.
"Су — еліміз үшін стратегиялық ресурс. Біз бұл мәселемен жүйелі әрі ұзақ мерзімді негізде айналысуымыз керек. Былтыр БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. Алдағы сәуір айында Астанада өтетін Халықаралық экология саммитінде Аралды құтқару қорының мүшелерімен осы мәселені талқылаймыз", — деді Президент.
Мемлекет басшысы Кіші Аралдың толық қалпына келуі бүкіл Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретініне үміт білдірді.
Majilis deputy about QARMET: The supply of raw materials now takes place directly without intermediaries