АҚШ Иран санкциясын кеңейтті. Орталық Азия арқылы транзитке талпынғандар ілінді

305
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/vmh7oAOgH1eEm8AJOeRuElsedwElgzpXshg3mr6s.jpg

 

АҚШ Иранға қатысты санкциялар тізімін кеңейтті. Жаңартылған тізімге 21 адам мен ұйым енгізілді. АҚШ Қаржы министрлігінің мәліметінше, олар Иран үкіметіне хуситтерді («Ансар Алла») қаржыландыруға көмектескен, деп хабарлайды "Адырна".

АҚШ ведомствосының түсіндіруінше, санкциялар Тегеран мен хуситтер арасындағы қаржы арналарының жолын кесуге бағытталған. Бұл топ мұнай контрабандасынан түсетін табысты (жылына 2 млрд доллардан астам) Қызыл теңіздегі сауда кемелеріне шабуыл жасауға пайдаланады.

АҚШ Қаржы министрлігі хуситтердің жетекшілері жанармайды Йемен тұрғындарына «шектен тыс жоғары бағамен» сатып, түскен қаржыны зымырандар мен дрондарға қажетті бөлшектер сатып алуға жұмсайтынын атап өтті.

«Хуситтер террористік әрекеттер жасап, коммерциялық кемелерге шабуыл жасау арқылы АҚШ-қа қауіп төндіріп отыр. Қаржы министрлігі бұл терроризмді қамтамасыз ететін желілерді әшкерелеу үшін барлық құралды қолданады», – деді министрлік басшысы Скотт Бессент.

БАӘ аумағында басты делдалдар ретінде Al Sharafi Oil Companies Services, Adeema Oil FZC (иесі – Валид Фатхи Салам Байдани) және Arkan Mars Petroleum DMCC компаниялары аталды. Олар Ираннан қаржылай қолдау алып, ирандық азаматтармен байланыста болған.

Сонымен қатар Alsaa Petroleum and Shipping FZC компаниясы (иесі – ирандық Имран Асгар) Иран мен хуситтердің мұнай құрылымдары арасында төлемдер жүргізіп отырған. Ақша аударымдары үшін Дубайдағы айырбастау пункттері, мәселен, Janat Al Anhar пайдаланылған.

Ал New Ocean Trading FZE компаниясы хуситтерге логистикалық қолдау көрсетіп, олардың бақылауындағы аумақтарға байланыс құралдарын, техникалық басқару жүйелерін, компьютерлерді, бұрғылау жабдықтарын және электр жүйелерін жеткізген.

Ведомство жариялаған релизде контрабандалық желілердің Таяу Шығыс пен Африкадан тыс бағыттарды жиі іздей бастағаны, әсіресе Орталық Азия арқылы транзит ұйымдастыруға талпынып жатқаны айтылған.

Вашингтонның пікірінше, бұл өңір маңызды логистикалық тораптарға жақын орналасқандықтан, ирандық делдалдар үшін жаңа басым бағытқа айналып келеді.

Жасырын тасымалдау үшін күрделі схемалар қолданылуда. Мысалы, Оманда 52 дана «Корнет» танкіге қарсы зымыраны тәркіленген. Оларды Йеменге жалған электр генераторларының ішіне жасырып өткізбек болған.

Жаңа шектеулер хуситтерді әскери жабдықпен қамтитын логистикалық тізбектерге де соққы болды. Санкциялық тізімге Barash Aviation және Sama Airline атты екі әуе компаниясы енгізілді. Олар жүк тасымалдау үшін азаматтық ұшақтарды сатып алып, оларды көтерілісшілер бақылауындағы Сана әуежайына жеткізуді жоспарлаған.

АҚШ билігінің мәліметінше, бұл мәмілелерде делдал ретінде ресейлік кәсіпкер Виктор Бут қатысқан.

Виктор Бут «қару-жарақ бароны» ретінде танымал. Ол АҚШ-та 2012 жылы заңсыз қару саудасы үшін сотталған. Америка түрмесінде 10 жыл отырғаннан кейін, 2022 жылдың желтоқсанында ол баскетболшы Бриттни Грайнерге айырбасталып босатылған. 2024–2025 жылдары БАҚ-та оның қару сату келісімдеріне, соның ішінде йемендік хуситтерге байланысты мәмілелерге қайта араласуы мүмкін деген ақпараттар тарай бастады.

Жаңа санкциялар Вашингтонның қатаң саясатымен қатар қабылданып отыр. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен де, АҚШ-пен де қатар сауда жасайтын кез келген елге 25 пайыздық баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойған.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі бұл жағдайды мұқият бақылап отырғанын мәлімдеді. Ведомство Трамптың шешімінен кейін Қазақстан экспортына төнуі мүмкін тәуекелдерді бағалау үшін мониторинг жүргізіп жатыр.

 

Comments
Other materials