Астанада Крещение мерекесіне арналған жаппай шомылу өтіп жатыр

250
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Tze6AWwsjWLauN85UACeEish4A0y2pajwxDH4Vxp.jpg

18 қаңтардан 19 қаңтарға қараған түні православ христиандары басты діни мерекелердің бірі – Крещение Господне атап өтеді. Осыған байланысты елордада қала тұрғындары мен сенушілердің қатысуымен діни іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды  «Адырна» тілшісі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Діни іс-шаралар Успен кафедралды соборында (Күйші Дина көшесі, 27), Константин-Елена шіркеуінде (Республика даңғылы, 12) және Серафим Саров ғибадатханасында (Бөгенбай батыр даңғылы, 8) өтіп жатыр.

«Жүздеген елорда тұрғыны мен қала қонақтары суға түсу үшін жаппай шомылу орындарына жиналды. Астанада мұндай шомылу орындары Есіл өзенінің сол жағалауында, «Астаналық» саябағы жағалауындағы орталық жағажай маңында арнайы мұз ойықтары жабдықталған»,- делінген хабарламада.

Суға түсу орындары арнайы іс-шарадан кейін, сағат 20:00-ден бастап қолжетімді болып, 19 қаңтар күні сағат 02:00-ге дейін жұмыс істейді. Шомылу орындары қауіпсіз баспалдақтармен және қоршаулармен жабдықталған. Азаматтардың ыңғайы үшін аумағы жарықтандырылып, жылыну пунктері ұйымдастырылған.

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жауапты қызметтердің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылған. Қауіпсіздікке Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментінің қызметкерлері тартылған. Сонымен қатар суға түсу орындарында жедел медициналық жәрдем бригадалары кезекшілік етуде.

Құтқару бөлімшелері судағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын қадағалайды. Қажет болған жағдайда мамандар азаматтарды жылыну пунктеріне орналастырып, медициналық көмек көрсетуге дайын.

Айта кетейік, діни іс-шара 19 қаңтар күні сағат 23:00-ге дейін жалғасады.

Comments