Фото: Transfermarkt
Өзбекстан ұлттық құрамасы мен Ташкенттің «Пахтакор» клубының ойыншылары Игорь Сергеев пен Хожиакбар Алижонов ирандық «Персеполис» клубынан жоғары қаржылық ұсыныстар алды. Алайда футболшылар бұл ұсыныстарға әртүрлі шешім қабылдады. Бұл туралы Ферғана агенттігі жазды, деп хабарлайды “Адырна”.
Журналист Нарзулла Сайдуллаевтың хабарлауынша, Игорь Сергеев ирандық клубтың ұсынысына келісім беріп, қаңтар айының басында Тегеранға аттанған. Ол «Персеполиспен» бір жарым жылдық келісімшартқа қол қойып, кейін командамен бірге Катарда оқу-жаттығу жиынына қатысты. Кейбір деректерге сүйенсек, Сергеевке ұсынылған келісімшарттың құны 1,5 миллион АҚШ долларына дейін жеткен.
Сергеевке Ресейдің Самара қаласындағы «Крылья Советов» клубынан да ұсыныс түскен. Алайда «Ферғана» басылымына берген сұхбатында команданың бас бапкері Магомед Адиев келісімге келе алмағандарын айтты. Оның сөзінше, футболшының қаржылық талаптары клуб мүмкіндігінен жоғары болған. Сонымен қатар, Сергеевтің қолында «Персеполистің» нақты ұсынысы болғаны да шешім қабылдауға әсер еткен.
Ал Хожиакбар Алижонов ирандық клубтың ұсынысынан бас тартты. «Пахтакор» ойыншы үшін өтемақы талап еткен, ал «Персеполис» оны төлеуге дайын болған. Дегенмен келіссөздер жүріп жатқан уақытта Иранда әлеуметтік-саяси ахуал күрделеніп, жаппай наразылықтар басталды. Соның нәтижесінде Алижонов шетелге кетуден бас тартып, «Пахтакормен» бірге ел чемпиондығын жеңіп алуды мақсат ететінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Иранның «Фулад» клубында ойнаған Өзбекстан құрамасының қақпашысы Өткір Юсупов Наманганның «Навбахор» командасына қайта оралған болатын.
Соңғы жылдары Иран футбол лигасы Орталық Азия ойыншылары үшін тартымды бағытқа айналып келеді. Саяси тұрақсыздыққа қарамастан, аймақ футболшылары ирандық клубтардың қомақты қаржылық ұсыныстарына қызығушылық танытуда. 2026 жылдың қаңтар айындағы дерек бойынша, Иран чемпионатында 39 шетелдік футболшы тіркелген. Олардың ішінде ең көбі өзбекстандықтар— 5 ойыншы, сондай-ақ 2 тәжікстандық және 1 қырғызстандық бар. Осылайша, Ирандағы әрбір бесінші легионер Орталық Азиядан шыққан.