"Путин резиденциясына шабуыл". Орталық Азия, АҚШ пен батыс не істеді?

152
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kBkAvWebxBzX04bjHbSmy8rD9TrwLLwUIpZWiHa0.webp

Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан Ресей президенті Владимир Путиннің Новгород облысындағы резиденциясына жасалған шабуыл әрекетін қатаң айыптады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесу барысында резиденцияға жасалған шабуыл әрекетін айыптады. Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев мұндай әрекеттердің бейбіт үдерісті ілгерілетуге және қақтығысты саяси жолмен шешуге ықпал етпейтінін атап өтті. Сонымен қатар, ол Украина мәселесі бойынша келіссөздерде байқалған ілгерілеуді оң бағалап, тұрақты келісімдерге қол жеткізу үшін саяси-дипломатиялық күш-жігерді жалғастырудың маңызын айтты. Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы талқыланып, өтіп бара жатқан жылдың қазақ-ресей қатынастары үшін мазмұнды әрі нәтижелі болғаны атап өтілді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Ресей басшысы Владимир Путинмен 30 желтоқсанда өткен телефон арқылы әңгіме барысында аталған оқиғаға қатысты өз ұстанымын білдірді. Әңгіме соңында екі ел басшылары бір-бірін және халықтарын келе жатқан 2026 жылмен құттықтады.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та аталған оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдірді. Оның баспасөз хатшысы Асқат Алагөзовтың айтуынша, мемлекет басшысы мұндай жағдайлар Украинадағы дағдарысты саяси-дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған күш-жігерге қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өткен.

Түрікменстан да бұл жағдайға қатысты өз ұстанымын білдірді. Түрікменстан сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде Ресей президентінің резиденциясына жасалған шабуыл туралы хабарларға байланысты алаңдаушылық білдіріліп, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін мұндай әрекеттер айыпталатыны айтылған.

Бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров 28-29 желтоқсанға қараған түні Украина тарапынан Ресей президентінің Новгород облысындағы резиденциясына дрондар арқылы шабуыл жасау әрекеті болғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, шабуылға 91 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысқан. Олардың барлығы әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерімен жойылған.

Алайда Батыс елдері бұл мәлімдемеге күмәнмен қарауда. АҚШ-тың НАТО жанындағы тұрақты өкілі Мэттью Уитакер шабуылдың болған-болмағаны нақты емес екенін айтып, Вашингтон барлау қызметтерінен ақпарат күтіп отырғанын жеткізді. 

Айта кетейік, Украина билігі шабуылды растайтын ешқандай дерек ұсынылмағанын хабарлаған.

Comments