Ақмолада полицейлер сырт киімсіз аязда адасып кеткен азаматты құтқарды

674
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/g8bCDqSEHEQ8g68zNaN9Ggyirh018YcXvuAJwDDm.jpg

Ақмола облысында полицейлер сырт киімсіз аязда адасып қалған азаматты құтқарды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

ПД мәліметінше, жергілікті дәмханалардың бірінен полицияның кезекші бөліміне қоңырау түскен.

«Мерекелік кеште қонақтардың бірі сырт киімсіз, бір жейдемен далаға шығып кеткен. Сол сәтте далада қатты аяз болған. Уақыт жоғалтпай полиция қызметкерлері іздеу жариялап, Бұланды аудандық полиция бөлімінің жеке құрамын дабыл бойынша көтерді. Іздеу жұмыстары бірнеше көше мен аулаларда қатар жүргізілді. Ауа температурасы –30 градустан төмен түсіп, ер адамның ауа райына сай киінбегені полицейлерді қатты алаңдатты»,- делінген хабарламада.

Көп ұзамай жоғалып кеткен азаматтың Щучинск қаласының тұрғыны екені және мерекелік шараға келгені анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін ол адасып, белгісіз жаққа кетіп қалған. Екі сағатқа созылған қарқынды іздеу жұмыстары нәтижесінде ер адам аудан көшелерінің бірінен тоңып қалған әрі шок күйінде табылды. 

Полицейлер оған алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жылытып, жақындарына жеткізген. Кейін құтқарылған азамат полиция қызметкерлеріне алғыс білдіріп, бейнеүндеу жазған. Ол экстремалды ауа райы жағдайында өмірін сақтап қалуға дәл осы полиция қызметкерлерінің жеделдігі мен бейжай қарамауы себеп болғанын атап өткен.

Comments