«Алатау» дәстүрлі өнер театрының 2025 жылғы шығармашылық қорытындысы туралы театр директоры Мақсат Қапалбайұлы Нұралиев сұхбат берді.
– 2025 жылды артқа тастап, бір сәт ойға үңілсек, «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін бұл жыл несімен ерекшеленді?
– Абайша айтсақ, «Қайрат пен ақыл жол табар, қашқанға да қуғанға». Биылғы жыл – сол қайрат пен ақылдың, табандылық пен талғамның сыналған жылы болды. 2025 жыл біз үшін тек есеп-қисаптың емес, рухани салмақтың, көркемдік жауапкершіліктің жылы болды. Театр ұжымы ұлттық өнердің жүгін арқалап, оны заман талабымен сабақтастыра білді.
– Жыл басындағы республикалық гастрольдік сапарлар туралы айтсаңыз.
– Сәуір мен маусым аралығында еліміздің әр өңірін аралап, 42 қойылым көрсеттік. Бұл – жай сапар емес, халықпен рухани жүздесу еді. Балаларға арналған «Әгугай мен Игигәй» ертегісі арқылы жас буынның жүрегіне мейірім мен қиял дәнін сепсек, «Абай–Тоғжан», «Айман-Шолпан», «Алтыбақан», «Алатау FM радиосы» секілді қойылымдар үлкендерге өткен мен бүгіннің арасын жалғаған көпір болды. Ұлттық дәстүр мен заманауи көркемдік бір сахнада тіл қатты.
– Театрдың халықаралық деңгейдегі жетістіктері де айрықша аталып жүр.
– Иә, биыл «Алатау» театры шекарадан асып, ұлт өнерін әлемге танытты. Мәскеуде өткен А. П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестивалінде «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» саундрамасы сахналанды. Бұл қойылым – тарихқа тағзым, рухқа серт іспетті дүние. Шетелдік көрермен қазақ сахнасының тереңдігін, драматургиялық тынысын жоғары бағалады.
Ал Францияның Авиньон қаласында өткен әйгілі «А» класты театр фестивалінде ұсынылған «Steppes Rhapsody» – қазақ даласының әуені мен фольклорлық жадының көркем шежіресі болды. Домбыра үні Еуропа сахнасында сөйлеп, дала философиясы өз тыңдарманын тапты.
– Республика күні аясындағы халықаралық мәдени шара да назардан тыс қалмады.
– Дұрыс айтасыз. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Эстонияның Таллин қаласында өткен мерекелік концертте «Ұлытау» этно-рок тобы өнер көрсетті. Бұл – ұлттық музыканың заманауи үнмен әлемге жол тартуының жарқын көрінісі болды.
– Театр ұжымы тек сахнада ғана емес, кәсіби даму бағытында да белсенді болды ма?
– Өнер – үздіксіз ізденісті талап етеді. Биыл 15 қызметкеріміз Малайзияда өткен халықаралық оқу бағдарламасына қатысып, жаңа тәжірибе мен білім жинақтады. Бұл – болашақ қойылымдардың сапасына салынған рухани инвестиция.
– Инклюзивті жобалар да театр жұмысының бір бөлігіне айналды.
– Ұлы ойшылдар айтқандай, өнердің түп мұраты – адамға қызмет ету. Жүсіпбек Аймауытов «Өнер – халықтікі» дегенде, оның тек таңдаулыларға емес, әр жанға ортақ екенін меңзеген. Сол себепті театр ұжымы үшін мейлі көруі, мейлі естуі шектеулі болсын – әр көрерменнің рухани демалысын ұйымдастыру басты қағидаға айналды.
Аталған бөлімнің қатысуымен қыркүйек айында есту қабілеті шектеулі жандар арасында өткен «Жеңіс вальсі» X республикалық байқауы, ал қазан айында зағип әншілерге арналған «Екі жұлдыз» халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Бұл шаралар өнердің тілге, дыбысқа немесе көру мүмкіндігіне тәуелді емес, ең алдымен жүрекке жол табатын рухани құбылыс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қазан айында Ташкент қаласында өткен есту мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы IV Азия чемпионаты мен XIII халықаралық ашық турнирде осы бөлімнің қызметкерлері – Нина Жуковская мен Алим Меңдібаев шахмат пен дойбыдан топ жарып, жеңімпаз атанды. Бұл – өнер мен спортта да мүмкіндіктің емес, ниет пен рухтың шешуші рөл атқаратынын көрсететін жарқын мысал.
– 2025 жыл марапаттарға да бай болды.
– Еңбек еленсе – елдің мерейі өседі. «Еңбектің түбі – береке». Биылғы марапаттар – жеке адамға ғана емес, тұтас ұжымға көрсетілген сенімнің белгісі деп білеміз. Мәдениет қызметкерлері күніне орай Алма Аманжолова Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Бұл – өнерге адал қызмет етудің, табандылық пен жауапкершіліктің жоғары бағалануы.
Ал сахна сыртындағы көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды еңбегімен танылған, 47 жылға жуық уақыт театрдың ыстығы мен суығына бірге төзген костюмер Сағымкүл Қарабалина мен сөздің киесін арқалаған ақын, драматург, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан Алматы қаласы әкімінің Алғыс хатына ие болды. Бұл – адал еңбекке көрсетілген құрмет.
Республика күні қарсаңында театр өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Сағызбай Карабалин «Парасат» орденімен марапатталса, Инара Аубакироваға «Құрмет белгісі» төсбелгісі табысталды. Мұның бәрі – өнер жолында тер төккен жандардың еңбегі еш кетпейтінінің дәлелі.
Сын мен сараптың таразысынан да сүрінбей өттік. Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің VII мәрте ұйымдастырған «Сыншылар жүлдесі – 2025-те» Әділет Таменов «Теміртас» спектаклі үшін «Драма спектаклінің жыл хореографы» номинациясының жеңімпазы атанды.
Сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театры «Республикалық гастрольдік сапарлар» бағыты бойынша 1-орынды иеленіп, ел ішіндегі рухани қызметі жоғары бағаланды. Ал балаларға арналған «Әгугай мен Игигәй» ертегісі 7 637 көрермен жинап, үздік қойылымдар қатарынан көрініп, 4-орынға ие болды.
Абай айтқандай, «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан». Әр әріптесіміз өз орнын тапты, өз үлесін қосты. Биылғы марапаттар – сол кірпіштердің мықтап қаланғанының айғағы.
– Жыл соңындағы шығармашылық жоспарларға тоқталсаңыз.
– Жыл соңында режиссер Мейрам Хабибуллин дайындаған «Қайран Абай» спектаклі көркемдік кеңестен өтіп, мақұлданды. Бұл – Абайды мінбердегі ескерткіш емес, тірі ой, тірі қайшылық, тірі тұлға ретінде көрсетуге бағытталған қойылым. Сонымен қатар, «Қорлан» спектаклі де алдағы маусымда көрерменмен қауышады.
– Сөз соңында…
– 2025 жыл – «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін берекелі еңбек пен биік жетістіктің жылы болды. Біз Абай айтқан «толық адам» жолын өнер арқылы іздеп келеміз. Алдағы уақытта да ұлттық өнердің шырағын сөндірмей, көрермен жүрегіне жол табу – басты мұратымыз.
Will Tokayev discuss the issue of Ablyazov's return to the country during his visit to France - the answer of the MFA