Тоқаев Астана әкіміне шұғыл тапсырма берді

122
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Fqo6Khd6aKtcfdpn3S203yBfQ0FjKUpetsZNAzfv.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қорытынды бойынша елорданың өңірлік жалпы өнім көлемі 34 миллиард доллар болатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Астананы дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Қазір Астана қарқынды өсіп келеді. Түрлі бағыт бойынша белсенді жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 11 айда қысқа мерзімге арналған экономикалық индикатор 118,6 пайызға жетті. Инвестиция, құрылыс, шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштер бойынша Астана алдыңғы орында тұр.  Елорданың көш басында болуы – заңдылық.  Биыл елордадағы тұрғын үй құрылысы 5 миллионға жуық шаршы метрді құрайды. Бұл елімізде пайдалануға берілген баспананың төрттен бірі және Орталық Азия аймағындағы басқа астаналардың көрсеткіштерінен бірнеше есе артық.

Өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 2025 жылдың 11 айында 2,8 триллион теңгеге жетіп, 7,2 пайыз өсті. Яғни 6 миллиард доллар шамасында»,- деді ол.

Президент сауда көлемінің де артқанын жеткізді.

«Биылғы 11 айда сауда көлемі 10,8 триллион теңгеден асып, 8,4 пайыз өсім көрсетке.  Бұл – шамамен 22,5 миллиард доллар. Маған берілген мәлімет бойынша, қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түскен. Мұны қомақты қаржы деуге болады. Астананың 2024 жылғы өңірлік жалпы өнім көлемі 15 триллион теңгеден сәл асты. Бұл – 32 миллиард доллар. Биылғы қорытынды бойынша 34, тіпті, 35 миллиард доллар (17 триллион теңге немесе одан да жоғары) болады деп күтілуде. Ал қаладағы халықтың ресми саны 1,6 миллион адамға жеткен»,-деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Астана әкіміне Smart City жобасын тездетіп аяқтауды тапсырды.

«Бұған дейін менің тапсырмам бойынша Астанада Smart City жобасы қолға алынды.  Жақын арада Жедел басқару орталығы іске қосылады. Қаладағы бейнекамералардың жұмысы және басқа да қызметтер осы орталықтан басқарылады. Бұл жүйе түрлі қауіп-қатерге дер кезінде назар аударуға және келеңсіз оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазір платформаны іске қосу үшін Деректерді талдау орталығы салынып жатыр. Осы цифрлық инфрақұрылымды құқық қорғау органдары да қолдана алады. Сол арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік туады. «Заң және тәртіп» қағидаты іс жүзінде жұмыс істеуге тиіс. Астана әкіміне осы шаруаны тездетіп аяқтауды тапсырамын. Еліміздегі басқа қалалар да осындай платформаны енгізуге тиіс. Бұл жұмысты Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі үйлестіруі керек»,-деп толықтырды ол.

Comments