Депутат "рушылдықты насихаттайтын" контент пен фильмдерге алаңдады

293
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Vig3I2TNvLRsgFRMLVZI8fIt1oNNmxpaUNRzgg34.jpg

AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Ерлан Саиров қоғамда күшейіп келе жатқан рушылдық тенденцияға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, соңғы кездері бірлік пен тұтастықты нығайтудан гөрі, халықты жікке бөлуге бағытталған үрдістер белең алып барады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Депутат Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» деген сөзін еске салып, тәуелсіздікті сақтап қалудың басты шарты — ұлттық бірлік, ынтымақ пен тұтастық екенін атап өтті.

Ерлан Саировтың пікірінше, жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рушылдықты «бренд» пен «маркетингтік өнімге» айналдырып, күнделікті тұтынатын киімдерге ру атауларын жазып сатуды әдетке айналдырған.

«Жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы жалаулатып, күнделікті тұтынатын футболка мен шапандарға ру атауын жазып, оларды «бренд» немесе «маркетингтік өнім» ретінде сатылымға шығаруда. Әлеуметтік желілерде  жастарға рушылдық психологияны таңатын контент шектен шығып кетті. Бұл ұлттың бірлігін ішінен құртатын қауіпті тенденция киноға да жетті. Осындай келіссіз, қажетсіз тақырыпты арқау еткен арнайы фильм прокатқа шығыпты. Бұл арқылы кино түсірушілердің не айтпақ болғаны түсініксіз?! Қазақтың руларын салыстыратын, кемсітетін фильмдердің мақсаты қандай? Тіпті бұл фильмді жарнамалау үшін жасалған арнайы экзпозицияда руға бөлінуді қойып, Қазақстанның картасын үш жүзге бөліп қойғанды көрдік. Бұл не деген бассыздық? Ол – ұлт үшін ең сезімтал тақырыпты айқайлатып әлеуметтік контент, кино тақырыбына айналдырып, көрермен жинау. Түбі бұл жақсылыққа әкелмейді»,-деді ол.

Депутат мұндай әрекеттердің ұлт бірлігін іштен ірітетін қауіпті құбылыс екенін атап өтті. Оның айтуынша, шығармашылық еркіндік маңызды болғанымен, ол мемлекеттілік пен ұлттық тұтастыққа зиян келтірмеуі тиіс. Әсіресе, жасөспірімдерге кино мен медиаконтенттің тәрбиелік ықпалы зор екенін ескерген жөн.

«Осыған байланысты келесі шараларды қабылдау орынды деп санаймын:

1. Ақпарат және мәдениет министрлігі жанынан кинопрокатқа шығатын отандық фильмдердің мазмұнын алдын ала көркемдік-эстетикалық, идеологиялық, ұлттық бірлік тұрғысынан сараптайтын тұрақты комиссия құруды түрде іске асыру қажет.

2. «Ұлттық код» және «мәдени ерекшелік» ұғымын желеу етіп, қоғамды бөлшектеуге, рушылдық пен жікшілдікті насихаттайтын әрекеттерге нақтытосқауыл қою керек.

3. Мәдени салада, әлеуметтік желіде,Қазақстанның барлық халықтарының бірлігін көрсететін, жалпыұлттық «Біз Қазақпыз» деген мағынадағы контентті көбейтуге кірісуіміз тиіс»,-деді Саиров.

Comments