Франция Моңғолиядан әкеткен динозавр қаңқаларын қайтаратын болды

225
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FMfeV9Yy0TxK5dF2Tn9No5FVuztiK18X9jD1Xqjx.png

2025 жылғы 8 желтоқсанда Парижде Моңғолияға динозаврлардың қазба қалдықтарын өтеусіз қайтару туралы актіге ресми түрде қол қойылды. Бұл қалдықтар Францияның құқық қорғау органдары тарапынан 2013 және 2015 жылдары тәркіленген болатын.

Моңғолия Мәдениет, спорт, туризм және жастар істері министрлігінің мәліметінше, қазбалар алғаш рет Бразилиядан келген кемені тексеру барысында және «Creazaurus» компаниясының ғимараттарын қарау кезінде табылған. 2015 жылы тергеу басталып, 2016 жылы Франция Моңғолияға құқықтық көмек көрсету туралы сұрау жолдағаннан кейін, Моңғолияда да қосымша тексерулер жүргізілді. Сараптама Лионда тәркіленген тарбозавр батаардың қазба қалдығы шынымен де Моңғолия аумағынан шыққанын растады.

Ұзақ жылдар бойы жүргізілген дипломатиялық және құқықтық ынтымақтастық нәтижесінде, 2025 жылғы 10 маусымда Лион апелляциялық соты 29 жиынтық динозавр қазба қалдығын Моңғолияға қайтару туралы шешім шығарды. Осылайша, он жылдан астам уақытқа созылған іс толықтай аяқталды.

Қайтарылған қазба қалдықтарының құрамында:

  • тарбозавр батаардың толық қаңқалары;
  • тероподтар мен овирапторозаврлардың сүйектері;
  • тістер, қабырғалар, жақ сүйектері, тырнақтар, омыртқа бөліктері;
  • сондай-ақ овирапторозаврлар мен тероподтардың жұмыртқалары бар.

Бұл артефактілер ғылыми қауымдастық үшін зор маңызға ие.

Рәсімге Моңғолияның мәдениет министрі Чинбатын Ундрам, Францияның экономика және қаржы министрі Амели де Моншален және екі елдің ресми өкілдері қатысты. Министр Ундрам өз сөзінде мәдени құндылықтарды заңсыз әкету – халықтың тарихи мұрасына жасалған зиян екенін атап өтіп, артефактілерді қайтаруға атсалысқан тараптарға алғыс білдірді.

Алдын ала жоспар бойынша, динозавр қалдықтары алдымен қазіргі заманғы ғылыми әдістермен зерттеу жүргізу үшін Табиғат тарихы музейіне тапсырылып, кейін 2026 жылы ашылуы жоспарланған Ұлттық жаратылыстану музейінің палеонтология бөлімінде көпшілік назарына ұсынылады.

Comments