Астанада цифрлық қауіпсіздік пен қаржылық алаяқтыққа қарсы форум өтті

246
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/u2V1uL6kmFUABQlzip8zwR4zsgAcHOnXUg7XKcyw.webp

Астанада Қаржылық мониторингі агенттігі (ҚМА) мен Zakon.kz интернет-басылымының ұйымдастыруымен цифрлық қауіпсіздік пен қаржылық алаяқтықтан қорғану мәселесіне арналған форум өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Іс-шара Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында өтті.

Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары, қаржы сарапшылары, блогерлер, журналистер және елордалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Спикерлер интернет-алаяқтықтан қорғану, дипфейктерге қарсы іс-қимыл, дербес деректерді қорғау және дропперлік схемалар жайлы кеңестер берді.

"ҚМА мен Zakon.kz бірлесіп халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша жұмыс істейді. Форум барысында жастар заманауи гаджеттер мен әлеуметтік желілерді пайдалана отырып цифрлық гигиенаны сақтау жолдарын үйренеді", – деді "ЮрИнфо" ЖШС Бас директоры Михаил Коломин.

ҚМА-ның Превенция және аналитикалық әзірлемелер департаменті басшысының орынбасары Андрей Давыдов Қазақстанда 2025 жылдың басынан бері дипфейктерге байланысты 40-тан астам қылмыстық іс тіркелгенін атап өтті. Ол интернет-алаяқтықтан қорғану үшін пайдаланушыларға келесі кеңестерді берді: бейтаныс адамдарға ақша жібермеу, шұғыл өтініштерге асықпау, фотосуреттер мен видеоларды сенімсіз тұлғаларға жолдамау, дауыстық хабарламаларға сақтықпен қарау.

Сарапшылар цифрлық гигиена негіздерін сақтау арқылы қазақстандықтарды жаһандық желінің сенімді пайдаланушылары болуға шақырды. Сонымен қатар, жасанды интеллект негізіндегі ҚМА-ның Ai-офицері мен PRG.Komek АИ-қызметі қатысушыларға сұрақтарына нақты жауап беріп, құқықтық мәселелер бойынша кеңес берді.

Форум барысында қатысушылар қаржылық алаяқтықтың жаңа түрлері, оның ішінде дипфейктер мен дропперлік схемалар туралы ақпарат алып, цифрлық қауіпсіздік пен жауапкершілікті сақтау жолдарын үйренді.

Comments
Other materials