Сенбі күні, 22 қарашада Instagram әлеуметтік желісінде бірқатар танымал қазақстандық журналистер мен белсенділердің аккаунттарында күтпеген өзгерістер орын алды. Журналист Вадим Борейко мен белсенді Санжар Боқаевтың парақшаларындағы барлық жарияланымдар толықтай өшіріліп, ал журналист Асхат Ниязовтың аккаунты мүлдем қолжетімсіз болып қалған. Бұл туралы құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина айтты, деп хабарлайды "Адырна".
Журналист Вадим Борейко Facebook желісінде өзінің Instagram-аккаунтындағы барлық контенттің жойылғанын жазды. Айтуынша, ол парақшаға кіре алады, бірақ онда ешқандай жазба қалмаған.
Борейко соңғы уақытта парақшасы белсенді дамығанын атап өтті: оның 168 мың жазылушысы болып, өткен айда видеолары 15 миллионнан астам қаралым жинаған. Журналист бұл жағдайдың былтыр TikTok-тағы аккаунтының дәл осылай өшірілуімен ұқсас екенін еске салды.
Сондай-ақ ол Instagram мен Facebook соңғы айларда оның ескі жазбаларын «түсініксіз ережебұзушылықтар» себептерімен жүйелі түрде алып тастағанын айтты.
Танымал журналист, «Обожаю» арнасының авторы Асхат Ниязовтың Instagram-аккаунты да сенбі күні қолжетімсіз болып қалды. Бұған дейін Ниязов 2023 жылдың соңында және 2024 жылдың басында барлық әлеуметтік желілерінің бұғатталуымен бетпе-бет келген еді. Ол кезде шектеулер оның әріптестері мен тіпті отбасы мүшелерінің парақшаларына да әсер еткен.
Сыбайлас жемқорлық мәселелерін көтеріп жүрген белсенді әрі блогер Санжар Боқаевтың Instagram-парақшасындағы барлық жарияланымдар да толық өшірілген. Белсендінің парақшасы бұрын коррупциялық схемаларды әшкерелеуге бағытталған видеоларымен танылған еді.
Әзірге аталған оқиғаларға қатысты Instagram-ның өзі де, жергілікті органдар да ресми түсініктеме берген жоқ. Қоғам белсенділері бұл жағдайды әлеуметтік желілердегі цензура күшеюінің белгісі ретінде бағалап отыр.