“Ферғана жазығы” және Қазақстан неге дайын болуы тиіс?

474
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/T2P5WsPlJ0KAmT5BRWZvJZg1J22Dkag1RprhVoug.webp

Орталық Азияда «Ферғана жазығы» деген бар. Бәріміз жақсы білеміз. Бұл жазықтық Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстанның бір бөлігін алып жатыр. Орталық Азиядағы халық ең тығыз орналасқан аймақ саналады. Сонымен бірге осы аймақтың халқы әлеуметтік тұрғыдан ең аз қамтылған. 

Әлемдегі ең күрделі аймақтардың бірі ретінде осы аймақ аталуда. Бұл аймақта шамамен 16-18 млн адам өмір сүреді. Соның ішінде түрлі ұлт өкілдері де бар. Өзбек, қырғыз, түрік, тәжік, қазақ, қарақалпақ және басқа дегендей. Бұл аймақта осыған дейін бірнеше қақтығыс болған. Мысалы 1989 жылы этникалық қақтығыстар болды. Жүзден астам адам көз жұмды. Одан кейін КСРО құлады. Аймақтағы экономикалық-әлеуметтік жағдай мәз емес еді. Қазір де керемет деуге келмес. 

Бұл сәтті экстремистік топтар жақсы пайдаланды. «Өзбекстанның Исламдық Қозғалысы» (ИДУ) лаңкестік ұйымы осы аймақта пайда болды. Олар Өзбекстанда біраз жарылыс жасады. Тіпті Қырғызстанның Баткен аймағында қырғын салды. Ол тарихқа «Баткен оқиғасы» деген атпен кірді. 

Орталық Азиядан Сириядағы соғысқа аттанғандардың басым көпшілігі осы Ферғана аймағынан шыққандар екен. Бұл аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың айқын айнасы деуге болатын шығар. Жыл сайын халық саны артуда, қордаланған әлеуметтік мәселелер де көп. Мұндай алаң лаңкестік ұйымдар мен идеялар үшін тартымды саналады. 

Енді бұның Қазақстанға не қатысы бар? Қазақстан деструктивті ағымдармен ұдайы күрес жүргізуде. Тыйым салынған әдебиеттер тәркіленуде, қауіпті парақшалар бұғатталуда, радикалдар анықталып, заң алдында жауап беруде. Қоғамда радикализмге қарсы иммунитет қалыптастыру шаралары іске асуда дегендей. 2010-2016 жылдармен салыстырғанда, біршама жақсы нәтижелер бар.

Алайда бізге сырттан экспортталатын радикалды идеялар да бар. Олардың көбі еңбек мигранттары арқылы келеді дейді сарапшылар. Көбі сол Ферғана аймағынан шыққан азаматтар. Олардың бәрі радикал емес әлбетте. Бірақ арасында жат ағымды, қауіпті сенімді алып жүрушілер болуы мүмкін. Кейбірі мақсатты түрде, кейбірі білместен барған жерінде үгіт-насихат жасайды дегендей. 

Бұл да ойланарлық дүние. Деструктивті ағымдармен күресті жүргізу барысында осыны да ескереді деген ойдамын. Себебі лаңкестікпен күрес жан-жақты шараларды қажет етеді.

Асхат Қасенғали

Comments
Other materials