"Ұлымның көзі еді..." Кісі қолынан қаза тапқан оқушының туыстары әділдікті талап етуде

850
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/mAZe7VDptnn3zjQLyh9m3O1GQGqvCkJha16JTYEM.webp

9-сынып оқушысы Мейіржан Нұржанұлының өлімі қоғамды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қаралы отбасының айтуынша, 15 жастағы жеткіншекті құрдастары мола маңына апарып, соққыға жыққан. Жүрек тұсынан тиген ауыр соққыдан Мейіржан сол жерде көз жұмған. Қайғылы оқиға Түркістанда болған.

“Бұлар 3-4 баланы қойып қойған шеттерінен. Сөйтіп жаңағы төртеуі ұрып шыққан ғой. Екі рет айналдырып шыққан 4 бала. Екі соққыдан есептегенде 8 соққы екен. Менің інімнің жүрегінен ұра берген. Тек жүректен ұрған. Жүрегі жарылып кеткен. Ұйқы безі езіліп кеткен. Сол кезде тіл тартпай кеткен”, – дейді марқұмның ағасы Бауыржан Нұржанұлы.

Мейіржан отбасындағы үш баланың кенжесі болған. Әкесі ерте қайтыс болып, анасы мен әжесінің қолында өскен. Жақындарының айтуынша, ол физика мен математикаға бейім, ҰҚК маманы болуды армандаған, тіпті ажалының алдында байқауда жеңіске жеткен.

Әжесінің сөзінше, немересі біраз уақыт бойы әлімжеттік көріп келген.

“Ұлымның көзі болып қалған Мейіржанымды құрдастары жауыздықпен өлтірді.

Бастық балалары айтады екен. "Бүгін сағат пәлен уақытта 15 мың жина немесе 20 мың жина"дейді. Біреуде бар, біреуде жоқ. Сол бір бала әкелмесе бәрін ұрып шығады екен. Осыдан 10 күн бұрын шай ішіп отырсақ, мына жері көкбеңбек. "Әшейін ұрып алдым" дейді. Менің баламды қорқытып жүргеніне 3-4 ай болыпты”, – дейді марқұмның әжесі Несіпгүл Тұтқабекова.

Отбасының айтуынша, әлімжеттік көрсеткен балалар әр түрлі мектептің оқушылары, олардың арасында Мейіржанның сыныптасы да бар. Алайда мектеп әкімшілігі тергеуге байланысты түсініктеме беруден бас тартқан.

“Қазір қылмыстық іс тіркелді. Сол себепті қосымша ақпаратты беруге болмайды”, – деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.

Қара жамылған отбасы тергеудің әділ жүргізіліп, күдіктілердің жазасыз қалмауын талап етіп отыр.

Comments