Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуда психологиялық қолдау маңызды

797
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/MR6OQbyxTLRSMRX2Y5FbrKDdzuM9ybc67X9g5Qhx.jpg

Қазақстанда соңғы жылдары жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының артуы қоғамды алаңдатуда. Зорлық-зомбылық, буллинг және психоэмоционалдық қысымның жасөспірімдерге теріс әсер етуі бұл қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін. Батыс Қазақстан облысының психологиялық денсаулық орталығының мамандары осы мәселе бойынша өз пікірлерін білдіріп, психологиялық қолдау шараларының маңыздылығын атап өтті.

Батыс Қазақстан облысында суицидтің алдын алу мақсатында бірнеше бағыт бойынша психопрофилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Психолог Кин Оксана Степановна суицидке бейім жасөспірімдердің мінез-құлқындағы алаңдатарлық белгілерді уақытылы анықтап, нақты шаралар қабылдаудың маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және ішкі істер жүйелерінің үйлесімді жұмысы қажет.

 Психопрофилактикалық шаралар үш негізгі бағытта жүзеге асырылады. Бастапқы психопрофилактика - суицидтік үрдістердің алдын алу. Осы мақсатта қала және аудан деңгейінде психологтар ата-аналармен лекциялық сабақтар өткізіп, оқушылармен тренингтер ұйымдастырады. Сондай-ақ, суицидке бейім топтармен жұмыс жүргізу үшін арнайы диагностикалық тексерулер жүргізіледі. Бұдан кейін суицидтік әрекеттердің алдын алу - суицидке бейім жасөспірімдермен психокоррекциялық жұмыс жүргізу. Бұл бағытта психологтар суицидке әрекеттенген жасөспірімдермен жұмыс жасап, олардың жағдайын жақсарту үшін психологиялық қолдау көрсетеді. Және маңыздысы реабилитация - суицидтен кейін жақындарын жоғалтқан адамдарды және оқиғаға куә болған адамдарды психологиялық тұрғыдан қалпына келтіру. Бұл жағдайда психологтар отбасылармен жұмыс істеп, олардың мінез-құлқындағы түзетулерді қарастырады, - деді ОПДО психологы Кин Оксана.

Ата-ана жауапкершілігі алдыңғы орында

Психологтар ата-аналарға балаларының жағдайын бақылап, онымен үнемі сөйлесудің маңыздылығын ескертеді. Кин Оксана Степановна баламен болашақ туралы әңгімелесуді және жоспарлар құруды ұсынады. Бұл әңгімелер позитивті әрі конструктивті болуы керек, себебі олар жасөспірімнің психологиялық күйін жақсартады. Оның айтуынша, балаға оптимистік көзқарас қалыптастыру керек, оған сенім беріп, мақсаттарға қол жеткізуге қабілетті екенін көрсету маңызды. Баланы басқа балалармен салыстырудан аулақ болу керек. Мұндай салыстырулар жасөспірімнің өзін-өзі бағалауын төмендетеді. Оның орнына, оны тек бүгінгі және ертеңгі кезеңдермен салыстырып, болашақта жетістікке жетуге үміт беру қажет, - дейді психолог.

Жасөспірімдердің күн тәртібін сақтау да маңызды аспект болып табылады. Олардың дұрыс ұйықтауы, дұрыс тамақтануы, таза ауада көп уақыт өткізулері, сондай-ақ спортпен айналысулары қажет. Депрессияның физикалық жағдайға да әсер ететінін ескере отырып, жасөспірімнің физикалық және психологиялық жағдайы теңестірілуі тиіс. Одан бөлек, баланы жаңа істермен айналысуға шақыру да маңызды. Мысалы, спорт залында жаттығу жасап, жаңа серуендерге шығу, киноға бару, көрмелерге қатысу сияқты іс-шаралар баланың өміріне әртүрлілік енгізіп, оны оң психологиялық күйге келтіруге көмектеседі.

Мамандармен байланысты үзбеу маңызды

Егер жағдай қиындап, ата-аналардың көмегі жеткіліксіз болса, психолог немесе психотерапевтпен кеңес алу өте маңызды. Батыс Қазақстан облысының психологиялық денсаулық орталығы халыққа психологтардың көмегін ұсынып, тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефондары мен онлайн қызметтерді де ұсынады. Облыс психологтары халық арасында психологиялық қолдау көрсету орталығының тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны - 7420, Байланыс орталығы – 111, Телеграмм Бот (@Mental_SupportBot), Call орталығы 3580 нөмірлері арқылы ақпарат таратып, психологпен онлайн консультация алу мүмкіндігін [www.mentalcenter.kz](http://www.mentalcenter.kz) сайтынан да алуға болады.

Жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу тек медициналық немесе әлеуметтік емес, психологиялық тұрғыдан да маңызды мәселе. Психологиялық қолдау мен дұрыс бағыт-бағдар беру жасөспірімнің психологиялық жағдайын жақсартуға, оның болашаққа деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, баланың өмірін сақтап қалу және оның психикалық денсаулығын нығайту үшін қоғам болып бірігу өте маңызды шаралардың бірі.

Comments