Польшада ұсталған дипломат. Белсенділер Еуродақты Бәкібай ісіне араласпауға шақырды

1311
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/kxvDhz1z9doC60PgkC4knrP5RcTg1jvb6bSpBT3u.jpg

Қазақстанның азаматтық қоғам өкілдері Польшада "тыңшылық жасады" деген күдікпен ұсталған қазақстандық әскери атташенің көмекшісі Әнуар Бәкібайдың ісіне байланысты Еуропалық одақ пен Еуропа кеңесінің парламенттік ассамблеясына үндеу жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бұл ұсталу фактісі біздің бірнеше жыл бойы айтып келе жатқан пікірімізді айқын дәлелдеп отыр. Қазақстанның арнайы қызметтері Кремльге тәуелді және көбіне Ресей құрылымдарының, соның ішінде барлау мен гибридтік операциялардың мүддесінде әрекет етеді.

Әнуар Бәкібай  — жай ғана дипломат емес, ол Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери жоғары оқу орнын тәмамдаған, Украинада аккредиттелген офицер. Оның Польша билігі тарапынан НАТО-ның әскери нысандары жөнінде ақпарат жинады деген айыппен ұсталғаны Еуропаға Қазақстан Еуропаның мүдделеріне қарсы бағытталған қызметке тартылғаны жайлы бұлтартпас дәлел береді»,—делінген хабарламада.

Сондай-ақ үндеуде ел ішіндегі ахуалға да назар аударылған.

«Билік пікір алуандығын басып-жаншу саясатын жалғастырып отыр. Журналистер, құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділер қылмыстық қудалауға, азаптауға, әділетсіз сот үкімдеріне ұшырауда. Соттар жабық күйде қалып, ондаған саяси тұтқын темір тордың ар жағында отыр. Ақорда Кремльдің әдістерін қайталауда»,—дейді белсенділер.

Азаматтық қоғам өкілдері Еуропалық одақ пен ПАСЕ-ні Бәкібай ісі бойынша көмек көрсетпеуге шақырды.

«Біздің пікірімізше, Бәкібай ісіне байланысты кез келген халықаралық қолдау Қазақстандағы саяси тұтқындарды, атап айтсақ, Марат Жыланбаев, Думан Мұхамметкәрім, Айгерім Тлеужанова, Аслан Өтепов, Ержан Елшібаев, Айдар Сыздықов, Данат Намазбаев, Данияр Әділбеков, Махамбет Әбжан және құқық қорғау ұйымдары тізіміне енгізілген өзге де тұтқындарын босатумен тікелей байланыстырылуы тиіс»,—делінген үндеуде.

Ашық жарияланған бұл үндеуге Қазақстандағы белгілі құқық қорғаушылар, адвокаттар, журналистер мен қоғам белсенділері қол қойған.

Еске салайық, тамыз айының басында Польша билігі посткеңестік азиялық елдердің бірінен келген дипломатты ұстағанын хабарлаған еді. Алайда нақты қай мемлекет екені сол кезде нақтыланбады. Кейіннен оның Қазақстан дипломаты екені айтылды. Оған Польша мен оның НАТО бойынша одақтастарына қарсы тыңшылық жасады деген күдік келтірілуде. 

 

Comments