Қылмыстық іс қозғалды. Екібастұзда жаттықтырушы ерекше қыз баланы қинаған

427
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/89o8vX25BzqkTDlMQZhahwaYaPpaUom4Q4nwS3g2.jpg

Әлеуметтік желіде ерекше балаларды емдейтін орталық қызметкерінің кішкентай қыз баланы қинап жатқан видеосы тарады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оқиға Екібастұз қаласында болған. Instagram-дағы «Типичный Павлодар» парақшасының жазуынша, бұл оқиға туралы зардап шеккен қыздың анасының құрбысы айтып берген.

«Бейімде дене тәрбиесі сабағы кезінде құрбымның қызы жарақат алып, соның салдарынан қолына гипс салынды. Бұл жарақатқа қызметкердің қатыгез әрекеттері себеп болып отыр деп санаймыз. Оның бәрі камера алдында болған. Ер адам балаға дөрекілік танытқан. Балада даму кешеуілдігі бар, сондықтан ол ата-анасына не болып жатқанын айта алмайды. Осы уақытқа дейін жаттықтырушы да, орталық басшылығы да бұл оқиға үшін кешірім сұраған жоқ», — деді әйел.

Бұл оқиғаға Павлодар облысы бойынша Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенова пікір білдіріп, Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Барлық бейнежазбалар тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеу аясында мұқият зерттеледі. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баланың анасымен байланыстамын. Бала біртіндеп өз-өзіне келіп жатыр, оның психо-эмоциялық жағдайы тұрақталып келеді», - деді ол.

Екібастұз қаласы әкімдігі де сотқа дейінгі тергеудің жүріп жатқанын хабарлады.

Comments