Президент Тоқаев Қостанайда Kia Kazakhstan автозауытын ашты

656
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KGsO6eMOnDBH1bFDeVRsfg2vC1bSCFpqbEru6E91.webp

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай қаласында Kia Kazakhstan автокөлік зауытының ашылу рәсіміне онлайн форматта қатысып, қатысушыларды тарихи оқиғамен құттықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы зауыттың ашылуын еліміздің машина жасау саласын дамыту жолындағы маңызды қадам деп атап өтті. Президент екі жыл бұрын Қостанай сапары кезінде KIA Sportage автокөлігінің өндірісі іске қосылғанын еске салды.

«Kia Motors корпорациясымен жасалған келісімнің нәтижесінде жаңа зауыт іске қосылып отыр. Бұл – Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестіктің және өзара тиімді қарым-қатынастың нақты көрінісі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа және компания ұжымына алғысын білдіріп, атқарылған ауқымды жұмысты жоғары бағалады.

«Қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде автокөлік жасау саласы – өзара тиімді ықпалдастықтың айқын мысалы. Kia – әлемдегі ең ірі 10 автокөлік өндірушінің бірі әрі қазақстандықтар арасында ең танымал үш брендтің қатарына кіреді», – деді Президент.

Сондай-ақ ол KIA атауының «көтерілу» және «Азия» деген мағыналарды білдіретінін атап өтіп, компанияны Азияның жаңа экономикалық өрлеуінің символы деп атады.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов автокөліктерге сұраныстың артуы елдегі тұтынушылық белсенділіктің өскенін көрсететінін мәлімдеген болатын.

 

Comments