Бүгін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстанға мемлекеттік сапары өтті. Бұл сапар екі ел арасындағы өзара сенім мен стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтерді.
Кездесу барысында тараптар экономикалық, көлік-логистика, цифрландыру, отын-энергетика кешені, сондай-ақ мәдени-гуманитралық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.
Аталған сапардың маңыздылығы туралы әзербайжандық саясаттанушы Фархат Мамедов өз пікірімен бөлісті.
- Фархад мырза, бұл сапардың мәртебесі мен маңызы туралы айтып өтсеңіз.
- Ең алдымен, бұл – мемлекеттік сапар екенін атап өткен жөн. Сапарлардың жіктелуінде бұл – ең жоғары деңгей. Мемлекет басшыларының сапарлары дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өзара мемлекеттік сипатта өткізіледі. Әдетте осындай мемлекеттік сапарлар аясында қол қоюға арналған құжаттар дайындалады және ауқымды жобалар келісімге келеді. Яғни дәл осындай сапарлар барысында маңызды келісімдер үйлестіріліп, бекітіледі. Сондықтан бұл жолы да екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылды. Сапар кезінде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, тереңдетуге бағытталған экономикалық, гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық және қауіпсіздік салалары бойынша да жаңа келісімдерге қол қойылды.
- Мемлекеттік сапар аясында нақты қандай нәтижелерге қол жеткізілді деп ойлайсыз?
- Ең алдымен, бұл сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің төрағалығымен Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтті. Онда ынтымақтастықтың барлық салалары талқыланды. Салаға жауапты мемлекеттік құрылымдар атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Бұл өте маңызды жиын, себебі мемлекет басшылары осы есептерді тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Соңғы үш жылда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы үнемі өсіп келеді. Қазір ол шамамен жарты миллиард долларға жетті, бірақ бұл көрсеткішті арттыруға зор әлеует бар. Сонымен қатар бірқатар мәселелер бар, оларды келісіп шешу қажет, ең алдымен бұл – Каспий теңізінің тартылуы. Каспий жағалауында бес мемлекет бар, соның екеуі – Қазақстан мен Әзербайжан – бұл мәселе бойынша ұқсас ұстанымға ие. Екі елдің президенттері де бұл проблеманы БҰҰ Бас Ассамблеясындағы сөздерінде атап өткен болатын.
-Трансөңірлік жобалар, соның ішінде Транскаспий дәлізі мен жасыл энергия бағытындағы бастамалар туралы не айтар едіңіз?
- Соңғы жылдары дәл осы бағыттар стратегиялық маңызға ие болды. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан Каспий теңізінің түбімен жасыл энергияны экспорттау және тиісті кабель төсеу туралы меморандумдарға қол қойды. Бұл жобалар іс жүзінде басталып кеткен және келесі жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Жүк тасымалы көлемін арттыру да Транскаспий бағыты бойынша жоспарланған жобаларды жүзеге асырудың басты бөлігі болып отыр. Мұндай бастамалар тек экономикалық емес, экологиялық және технологиялық тұрғыдан да маңызды.
"The operation was carried out for more than half a year." The NSC brought a 7-year-old girl from Syria to the country