Мәдени кодтарды жеткізу: ұлттық болмыс пен аударма

877
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/yav1esIawMyaC4vg5jUe8aowaiGVFpa7ZoT9bhYP.jpg

Аударма ісінде ең күрделі тұстардың бірі – мәдени кодтарды жеткізу. Сөздер мен сөйлемдерді аудару оңай, бірақ олардың артында жатқан ұлттық болмыс, дәстүр, ойлау жүйесі, тарихи тәжірикті жаңа тілде дәл беру әр аудармашының алдынан шығатын ең үлкен сынақ. Әдебиет пен өнерде бұл мәселе айқынырақ көрінеді, өйткені жазушының әрбір метафорасы, мақал-мәтелі, образдары оның ұлтының дүниетанымымен тығыз байланысты. Мысалы, қазақ әдебиетінде жиі кездесетін “құлаққа ұрған танадай” тіркесін алайық. Бұл – ауыл өміріне тән образ, оны тура ағылшынға “silent as a struck calf” деп берсең түсініксіз болады. Оқырманға әсерін жеткізу үшін “silent as the grave” немесе “utterly silent” деп аударуға тура келеді. Мағына сақталады, бірақ ұлттық бояу жоғалады. Осындайда аудармашы түпнұсқаның рухын жоғалтпай, оқырманға да түсінікті қылып жеткізу жолын іздейді. 
Корей әдебиетіндегі “한” (хан) ұғымы да дәл осындай. Бұл бір ғана сөздің ішінде қайғы, өкініш, мұң, әділетсіздікке қарсылық секілді тұтас философия бар. Қазақшаға “шер”, “мұң” деп аударуға болады, бірақ ол толық жеткізбейді. Кейде қосымша түсініктеме беруге тура келеді. Яғни аудармашы жай тілмаш емес, мәдени түсіндірушіге айналады. Мәдени код көбіне ұлттық мерекелер мен тұрмыстық заттарда да байқалады. Мысалы, ағылшын тіліндегі “Thanksgiving dinner” тіркесін қазақ оқырманы үшін жай ғана “алғыс айту күні кешкі асы” деп аудару жеткіліксіз. Себебі бұл мерекенің тарихи маңызы, дәстүрлі ас мәзірі бар. Сондықтан аудармашы оны мәтінге қосымша түсіндірмемен беруі мүмкін.

Аудармашының міндеті – екі әлемнің арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтау. Бір жағында түпнұсқаның ұлттық болмысы бар, екінші жағында жаңа тілдің оқырманы тұр. Егер мәтінді сол күйінде жеткізсең, оқырман түсінбей қалады; егер тым бейімдеп жіберсең, түпнұсқаның мәдени реңкі жоғалады. Шын мәнінде кәсіби аударманың құндылығы осы тепе-теңдікті дұрыс табуда.

Мәдени кодтарды жеткізу – жай ғана тілдік жұмыс емес, ол халықтың рухани болмысын жаңа ортаға алып шығу. Әр аударылған мәтін – бір ұлттың өзіндік ерекшелігін екінші халыққа танытатын көпір. Сондықтан аудармашы әр сөзімен ұлттық болмысты сақтап қалуға тырысады, бірақ сонымен бірге жаңа оқырман үшін де түсінікті болуын қамтамасыз етеді. Дәл осы сәт аударманы нағыз шығармашылық өнерге айналдырады.

Comments