Есімтанушыдан бір кеңес

593
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/lFopTPXsOlivOGHSlWDs6ZSqGesrLoUK34KVTVYL.jpg

Қазақ адамның жанжүйесін жақсы білген, бүгінгі тілмен айтқанда психолог халық. Қазір сөз материалды дегенді жиі оқып, естуге болады. Бұны қазақ баяғыдан білген. Мысалы "Жоқ десең жоғалады" дегенді ата-әжелерден күніге естіп өскендердің бірі өзіммін. Сондықтан "жоқ" деген сөзді қолданбау керек екені әрқашан есімде.

Қазақ жаңа туған сәбиге есім берерде де сөздің күші бар екенін естен шығармаған. Әр есім тілек. Арман - арманы орындалсын, Бақыт - бақытты болсын, Нақсұлу - өте сұлу болып өссін деген тілекпен берілген есімдер. Бұл есімдердің мағынасын барлық қазақ бірден түсінеді. Ал Балтабай, Балтаберген, Балтақай, Балтакүл, Дәме, Дәмегүл, Дәметкен есімдері мағынасы нені білдіреді? Бұлардың да өз мағынасы бар.

Осындай тілек тілей отырып берілген қыз есімдерінің бірі - Кесіп. Әрине, қазір, біршама отандастарымыз балаларына шет елдің есімдерін таңдап жатқан кезде "бұл қандай есім" дейтіндер табылып қалар.

Бірақ қазақтың көбісі бұл есім нені меңзейтінін бірден түсінеді.

Қазақ сәбиге әртүрлі жағдайға қарап есім таңдайтын болған.

Жаяу Мұса Байжанұлының кім екенін жұрттың бәрі біледі. Оның тамаша әндері бүгінде де сахна төрінде шырқалып жүр. Кесіп - Жая Мұсаның бір қызының есімі. Бұл есімнің түбірі "кес" - бұдан былай қыз тууы кесілсін, келесі бала ұл болсын деген тілекпен берілген есім. Бұдан қазақ қызды ұл баладан кем көрді деген ұғым пайда болмауы керек. Қазақ қызды әрқашан ұлдан кем етпей өсірген. Бұған дәлел жеткілікті. Ал кейбір елдер тарихында қыз баласына байланысты түрлі ауыр, тіпті қайғылы жағдайлар орын алып отырған. Мысалы, байырғы заманда бір ұлт қыз туса сол замат тірідей жерге көметін болған. Шамасы қыз балалар көп болған соң солай болған шығар, ол жағы белгісіз.

Қазақтың бұрынғы тұрмысында, адамды емдеу саласы бүгінгідей дамымаған кезде, бала шетінеуі жиі болған. Жаугершілік жиі болып заманда әрі тұрмыста ер адамның күші керек-ақ ғасырларда, ұл баласы жоқ жанұялар өте қиын өмір кешкен. Сондықтан осындай ұл тілеу қыз есімдері арқылы көрініс тауып отырған. Сонда есім арқылы тілек-сөз күніге қайталанып айтыла берген соң келесі сәби ұл болып тууына әсер еткен. Бұл қазақтардың баяғыдан сөздің материалды екенін сезе білгенінің нақты көрінісі.

Балаларыңызға қазақ есімдерінің мағынасын түсіндіріп отыруды әдетке айналдырыңыздар. Қазақ есімдерінің шығу тарихын білмеу өз ұлтын танымауға апаратынын естен шығармаңыздар.

Бердалы Оспан

Comments
Other materials