Депутат кәсіпкерлерге уәде етілген субсидияның айлап кешіктіріліп жатқанын айтты

1351
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/NGkRkoNh1oQOTo3XUHP9QviVTGV5mAYqbQKFxuMG.jpg

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік қолдау шараларының тиімсіз жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Соңғы кездері шағын және орта бизнестің несиесіне бюджеттен субсидияның кешіктіріп берілетіні «тәртіпсіз» тәртіпке айналды. Елімізде жүз мыңдаған кәсіпкер онсыз да қымбат несиесінің пайыздық сыйақысына мемлекет уәде еткен өтемақыны айлап ала алмай, сарылып күтіп отыр. Қысылтаяң шақта кәсіпкерлерді қолтығынан сүйейді деген бағдарлама қазір Алматы қаласынан басқа өңірдің бәрінде тоқырап тұр. Бірақ оңтүстіктегі мегаполистің кәсіпкерлеріне де тықыр таянған. Қалған өңірлерде субсидияға бөлінген қаржы жазда таусылып қалған, жаңа өтініштер әзірге жауапсыз қалып отыр»,–деді ол Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында.

Мақсат Толықбай ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергендіктен, екінші деңгейлі банктер беретін несие мен лизинг шарттары кәсіпкерлер үшін өте ауыр екенін атап өтті. 

«Бизнеске беретін несиенің пайыздық сыйақысының жылдық мөлшерлемесі 25 пайызға жетеді. Батпандай борышты орта және шағын бизнес қалай төлейді? Мұндай қымбат несиемен әлемде қандай бизнес жоспар болса да табысқа кенелмейді. «Даму» Қоры жыл басынан бері банктер шағын және орта бизнестің жалпы құны 300 млрд теңге болатын 2 200 жобасын мақұлдағаны туралы дерек ұсынады. Ал шын мәнінде 120 млрд теңге ғана жұмсалған, яғни өтініш бергендердің 40 пайызы ғана несиеге қол жеткізген. Қалған кәсіпкерлер қолдаусыз, құралақан қалды. Осыдан кейін бизнес мемлекеттік бағдарламаларға қалай арқа сүйейді? Мемлекетке сенім болмаса, онда санда бар, санатта жоқ мұндай бағдарламалардан не пайда?»–деді ол.

 

 

 

Comments