Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина басшысы Владимир Зеленскийдің Ресей президенті Владимир Путинмен Қазақстанда кездесу өткізу туралы ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан әскери қақтығыста делдал болуды мақсат етпейді.
«Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы соғыста араағайын емес және өзін солай көрмейді. Екі тарап та даулы мәселелерді екіжақты негізде талқылай алады. Біз тек алаң ұсына аламыз. Егер Ресей мен Украина басшылары Қазақстанға келуге ниет білдірсе, келіссөздерді өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасаймыз», – деді Тоқаев.
Президент қақтығыстың тым күрделі екенін, тек аумақтық мәселе ғана емес, тарихи, ұлттық, тілдік және саяси факторлар да шиеленісті ушықтырып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар Тоқаев соғыс жалғасып жатқанда жоғары деңгейдегі кездесулерден нақты нәтиже күту қиын екенін, алдымен дипломаттар мен сарапшылар деңгейінде дайындық қажет екенін айтты.
Бұған дейін Зеленский келіссөздерге Түркия, Сауд Арабиясы, Қатар, Австрия және Швейцарияны ұсынғанын айтып, қажет болса Қазақстан да осындай орын бола алатынын жеткізген. Ал Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келіссөздер алаңы екінші кезектегі мәселе екенін, қазіргі таңда ешқандай жұмыс топтары құрылмағанын мәлімдеген.