Қырғызстан Ресейден бас тарту мүмкін емесін айтты

4149
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Nj2VMM0Q0IhuqKyA4iRswK1u0hbocqI7xc4QAOIs.jpg

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы пленарлық отырыста екі қырғыз банкіне қарсы енгізілген санкцияларды алып тастауды талап етіп, халықаралық қауымдастықты Газа секторындағы соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президент Қырғызстанның Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың салдарын сезініп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, біржақты санкциялар елге кері әсерін тигізіп отыр.

«Қырғызстан өз экономикасын нығайтуға барлық күш-жігерін жұмсап келеді. Сондықтан біз негізсіз санкцияларды елдің ішкі ісіне араласу әрі әлі қалыптасу кезеңіндегі экономикамыздың дамуына кедергі деп бағалаймыз», – деді Жапаров.

Оның пікірінше, қырғыз банктеріне қарсы санкциялар кейбір үкіметтік емес ұйымдар мен адал емес азаматтар таратқан жалған ақпаратқа негізделген. Президент Қырғызстан банктерінің қызметін тәуелсіз халықаралық аудитке шығаруға дайын екенін мәлімдеді.

Садыр Жапаров Батыс елдерінің ұстанымдарындағы қарама-қайшылықтарға да назар аударды. Оның сөзінше, олар Қырғызстаннан Ресеймен ынтымақтаспауын талап ете отырып, өздері Мәскеумен сауда-экономикалық байланыстарын жалғастырып отыр.

«2024 жылы Еуропалық Одақ елдері Ресеймен 141 миллиард долларлық сауда жасады. Ал біздің екі банкке санкция енгізген Ұлыбритания сол жылы Ресеймен 2,2 миллиард доллар көлемінде сауда жүргізді», – деді Жапаров нақты деректер келтіріп.

Мемлекет басшысы Қырғызстанды Ресеймен әлдеқайда терең экономикалық байланыстар байланыстыратынын, сондықтан экономикалық тұрғыдан Мәскеумен ынтымақтастықтан бас тарту мүмкін еместігін атап өтті.

Сондай-ақ Жапаров Газа секторындағы соғыс қимылдарына да тоқталды. Ол БҰҰ Бас хатшысының бұл аумақты «мыңдаған балалардың зираты» деп атағанын еске салып, «палестиналықтарға қарсы жасалып жатқан геноцидті тоқтатуды және Халықаралық сот тарапынан халықаралық тергеуді бастауды» талап етті.

Президент Қырғызстан кез келген зорлық-зомбылық пен терроризмді, соның ішінде 2023 жылдың 7 қазанында Израильге жасалған терактілерді айыптайтынын атап өтті. Оның айтуынша, терроризмге қарсы күресте бейбіт тұрғындардың өмірі қиылмауы тиіс.

«Палестина-Израиль қақтығысын шешудің жалғыз жолы – «Екі халыққа екі мемлекет» қағидатын жүзеге асыру»,– деді президент.

Comments