Ресейсіз тасымал. Қазақстан Баку-Тбилиси-Джейхан құбырымен мұнай жөнелтуді қайта бастады

1576
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/RZS8OVrR6oMBJN4rYrIeCeOCqwa2cMkdKqbkClfj.webp

Баку-Тбилиси-Джейхан құбыр жүйесі арқылы мұнай жөнелту жұмыстары қайта басталды. Бұл туралы бүгін, 17 қыркүйекте «ҚазМұнайГаз» мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«13 қыркүйекте Ақтау портынан Баку-Тбилиси-Джейхан бағытына қарай Қашаған мұнайының 8,8 мың тоннасы жөнелтілді, келесі партия 20 қыркүйекке жоспарланып отыр»,—делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, аталмыш бағыт бойынша мұнай тасымалы биыл тамыз айында тоқтатылған еді.

БТД бағыты бойынша 2025 жылдың 8 айында Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемі 0,9 млн тоннаны құраған.

2022 жылы ҚМГ мен Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы арасында Қазақстан мұнайының транзиті туралы бас келісімге қол қойылған болатын. 2024 жылы ҚМГ ("ҚазМұнайГаз") мен SOCAR арасында Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы мұнай транзитін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім жасалды.

Айта кетейік, Баку–Тбилиси–Джейхан мұнай құбыры – Каспий аймағындағы ең ірі энергетикалық инфрақұрылым жобаларының бірі. Оның ұзындығы шамамен 1768 шақырымды құрайды. Құбыр Әзірбайжанның астанасы Бакуден басталып, Грузия аумағы арқылы өтіп, Түркияның Жерорта теңізіндегі Джейхан портына шығады. Қазақстан мұнайын тасымалдауда бұл - Ресейді айналып өтетін бағыт. 

Comments