Чемпион қыздар: Ливерпульден - жеңіспен, Алматыға - мақтанышпен

764
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hcEsB1oildETgzgeRQL3VcE8rBthn3LbRKfSIJOk.webp

16 қыркүйек түнгі сағат 3:00-де Алматы әуежайында Қазақстанның әйелдер құрамасы Ливерпульде өткен әлем чемпионатынан жеңіспен оралды. 

Қыздар үш алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

Бұл жолы Қазақстанның атын әлемдік рингте жарқыратып, алтыннан алқа таққандар — Алуа Балкибекова (51 кг), Аида Абикеева (65 кг) және Наталья Богданова (70 кг). Әлемдік додада тәжірибелі боксшы Назым Қызайбай (48 кг) күміс медальға қол жеткізді. Қола жүлдені Виктория Графеева (60 кг) мен Елдана Талипова (+80 кг) еншілеп, Қазақстан қоржынына тағы да абырой қосты.

Әуежайға спорт қауымдастығы, жанкүйерлер мен спортшылардың туыстары жиналып, чемпиондарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Гүл шоқтары мен қошемет сөздерге бөленген арулар өз елінің сенімін ақтап, тарихи жетістікке қол жеткізді.

Спортшы қыздар жанкүйерлерге және бүкіл Қазақстан халқына қолдау үшін алғыс айтып, бұл жеңістер — жаңа табыстардың бастауы екенін жеткізді.

Comments