Қазақы тазы әлемдік аренада. World Dog Show 2025 көрмесінде тарихи таныстырылым

2594
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WamD6Er7bZKHmUeCYHp9TEmQXqOx4NbXtmvzCL5a.webp

2025 жылғы 8 тамызда Финляндия астанасында Халықаралық кинология федерациясының (FCI) аясында өткен World Dog Show 2025 бүкіләлемдік иттер көрмесінде қазақы тазы тұқымының ресми әлемдік тұсаукесері өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Liter.kz сайтына сілтеп.

Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының мәліметінше, халықаралық жарыстарға қатысу үшін қатаң іріктеуден өтіп, арнайы дайындықтан өткен 8 тазыдан құралған қазақстандық делегация көрмеге қатысты. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 25 мыңнан астам иттің ішінде біздің иттер тұңғыш рет FCI мойындаған жеке тұқым ретінде өнер көрсетті.

Жарыс нәтижелері еліміз үшін айтулы оқиға болды: бес тазы өз рингтерінде жүлделі орындарға ие болды. 2025 жылғы әлемнің жас чемпионы атағын Темірлан есімді тазы жеңіп алды. Әлем чемпионы атанғандар Лашын, Ару, вице-чемпиондар — Көксерек, Пана болды.

Сонымен қатар, Лашын мен Ару өз санаттарында Финляндия чемпиондары атағына да ие болды.

Қазақстан павильоны – ұлттық элементтері бар жартылай киіз үй түрінде безендірілген. Ол көрме қонақтары мен қатысушылары арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қонақтар тазы иттерімен суретке түсіп, тұқымның тарихымен және ерекшеліктерімен танысты.

Қазақстан кинологтар одағының мамандары тазының шығу тегі, өзіндік сипаттары, ерекше аңшылық қасиеттері, сондай-ақ бұл тұқым неге ұлттық қазына болып саналатыны және неге қазақтың жеті қазынасының қатарына кіретіні жайлы айтып берді.

Тазыны сақтау және әлемге таныту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр және 2022 жылғы тамыздан бастап ҚР Президенті Іс басқармасының қамқорлығында. Үш жыл ішінде Қазақстан кинологтар одағымен бірлесіп ауқымды жұмыстар атқарылды.

  • 2023 жылғы тамызда Қазақстан кинологтар одағы FCI-дің толыққанды мүшесі болып, ұлттық тұқымдарды таныстыру құқығына ие болды.
  • 2024 жылғы мамырда Астанада монотұқымдық көрме өтіп, онда FCI комиссиясы 100 тазыны тексерді.
  • 2024 жылғы 3 қыркүйекте Амстердамда «қазақы тазы» тұқымының алдын ала мойындалуы және Қазақстанға стандарт иесі мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.

World Dog Show 2025 көрмесіндегі өнер көрсету және тазының Хельсинкидегі ресми тұсаукесері осы жолдағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Comments