Бүгін, 5 тамыз көрнекті шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Болат Ешмұхамбетұлы Көмековтің 85 жасқа толды, деп хабарлайды “Адырна”.
Болат Көмеков – қазақ ғылымының аса ірі өкілдерінің бірі. Ол 1940 жылы 5 тамыз күні Тараз қаласында дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын шығыстану мен ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеуге арнады. 1963 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін тәмамдаған соң, араб, парсы және көне түркі тілдеріндегі тарихи дереккөздерді терең зерттеу арқылы отандық тарих ғылымын жаңа белеске көтерді.
Ғалымның басты ғылыми бағыттарының бірі – ежелгі және ортағасырлық Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени дамуын, саяси құрылымын жазба деректер арқылы дәлелдеу. Әсіресе қимақ, қыпшақ, оғыз тайпаларына қатысты тың деректерді ғылыми айналымға енгізгені – Көмеков есімін халықаралық деңгейдегі тарихшылар қатарынан ойып тұрып орын алуға негіздеді.
Профессор 420-дан астам ғылыми еңбек жариялап, олардың ішінде монографиялар, энциклопедиялық мақалалар, Қазақстан тарихының академиялық басылымдарының авторы және редакторы болды. Ол сондай-ақ Халықаралық қыпшақтану конференцияларын ұйымдастырып, Еуропа, Таяу Шығыс және ТМД елдерінің тарихшыларымен байланыс орнатты.
Ғылыми еңбектері үшін Болат Көмеков Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Ол – Қазақстанның ғылымына сіңірген ерен еңбегі үшін мемлекеттік марапаттармен және «Құрмет» орденімен марапатталған зиялы тұлға.
Бүгінде оның шәкірттері – еліміздің түрлі ғылыми-зерттеу институттарында, университеттерінде және сырт елдерде табысты еңбек етіп жүрген көрнекті ғалымдар.
Ұлт тарихын тереңнен толғап, жазба деректерге негіздеп, ғылымның биігіне көтерген академик Болат Көмековті 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Зор денсаулық, қажымас қайрат және шығармашылық шабыт тілейміз!