Ақжалда «Көкбөрі Керней баба» қорының қолдауымен ауқымды шара өтті

2012
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/taE3qZGKLhpRzAUhkSvhULcmqKMEWrcYKWzv0APR.jpg

Қарағанды облысындағы Ақжал кентінде «Жұмысшы мамандықтар жылы» мен металлургтер күніне орай «Нова Цинк» ЖШС қызметкерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ шара аясында «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қоры Ақшатау ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктіне жедел жәрдем көлігін, ал Ақжал ауылының тұрғыны Тұрсын Қаппасоваға пәтер кілтін сыйға тартты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл – адал еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Өз ісіне адал кез келген адамның қоғамда өз орны мен құрметі бар. Әрбір еңбектің еленіп, бағалануы өзгелерге шабыт береді»,—деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров шараның ашылуында.

Салтанатты рәсімде «Нова Цинк» ЖШС қызметкерлері Батырбек Қосанов, Айгүл Мияшева, Сансызбай Өтебаев, Құмархан Хабидан, Ғарифолла Жахметбеков, Сағи Қасымов және Айбек Серікұлы алғыс хаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге аудан әкімі компания басшылығына өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып отырғаны үшін ризашылығын білдірді.

Шара аясында «Көкбөрі Керней баба» қорының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Қазақша күрес, садақ ату, аламан бәйге, тоқ бәйге және құнан бәйгеге еліміздің барлық өңірлерінен келген спортшылар қатысты.

Садақ атудан 15 өңірден 135 мерген бақ сынады. Ең көп ұпайды Батыс Қазақстан облысынан келген Мұрат Лұқпанов жинады. Ол 1-орын алып, 1 миллион теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.

Қазақша күрестен 82 келі салмақта бірінші орынды тараздық Бекәділ Шаймерденов жеңіп алып, автокөлікке ие болды. Абсолют салмақта шымкенттік Ерсұлтан Мұзапаров жеңіске жетіп, ол да автокөлікпен марапатталды.

Аламан бәйгеде Қарағандының “Бақторы” атты тұлпары жеңіске жетіп, шабандозы – Шет ауданынан тұрғыны Мақсат Жандос. Тоқ бәйгеде Батыс Қазақстаннан келген Ханкүрен атты сәйгүлік (шабандозы – Мадияр Абзал),құнан бәйгеде – Шет ауданының Шалқұйрық жылқысы (шабандозы – Нұржігіт Қабылдиев) топ жарды. Барлық жеңімпазға автокөлік берілді.

Сонымен қатар қошқар көтеру сайысында Арыс қаласынан келген Азамат Жолымбетов үздік деп танылды.

«Көкбөрі Керней баба» қоры ауыл жастарын қолдап, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған түрлі жобаларды жүзеге асырып келеді.

Comments
Other materials