Жезқазғанда кәсіпкерлерден ақша бопсалаған күдіктілер қамауға алынды

879
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/x1jtZlB3LdjWThFgWjgH5cpP141r0sVRraFyOZ2V.jpg

Ұлытау облысында құқық қорғау органдары тарапынан ұйымдасқан қылмысқа қарсы бағытталған нақты іс-шаралар жүргізіліп келеді. Бұл шаралар елімізде қылмыстың алдын алуға, қоғамда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында іске асырылуда.

Соңғы кездері Жезқазған қаласында шағын және орта бизнес иелеріне қысым көрсету, олардан заңсыз ақша талап ету фактілері тіркеле бастаған. Осыған байланысты, Ұлытау облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы арнайы жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, нәтижесінде Жезқазған қаласының екі тұрғынын ұстады. Олар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қорқытып-үркітіп, 6 миллион теңге көлемінде ақша бопсалаған деген күдікке ілінген.

Күдіктілер өз әрекеттерін ашық түрде, күш қолдану арқылы жүзеге асырмақ болған. Олардың мақсаты – бизнесті криминалдық бақылауға алып, табыс көзіне айналдыру. Бұл әрекеттері мемлекетімізде заңсыз деп танылып, ауыр қылмыс ретінде бағаланады.

Тергеу барысында күдіктілерден айғақты заттар тәркіленіп, істің мән-жайын толық анықтау үшін кешенді тергеу амалдары басталды. Қазіргі таңда соттың санкциясымен күдіктілер тергеу изоляторына қамалды. Бұл – заң алдында жауапкершіліктен ешкімнің қашып құтыла алмайтынының тағы бір дәлелі.

Полиция департаменті азаматтарды қырағылық танытып, құқық бұзушылықтың алғашқы белгілерін байқасаңыз, дереу “102” нөміріне хабарлауға шақырады. Қоғамдағы тәртіп пен заңдылық – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, барша азаматтардың ортақ ісі екенін еске салады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының және қылмыстық заңнаманың талаптарына сай, кез келген кәсіпкердің қауіпсіз ортада жұмыс істеуге толық құқығы бар. Кәсіпкерлікке жасалатын қысым – бұл тек бизнеске ғана емес, елдің экономикалық тұрақтылығына төнген қауіп. Сондықтан да мемлекет тарапынан мұндай заңсыз әрекеттерге мүлдем төзбеушілік қағидаты берік ұстанылуда.

Ішкі істер министрлігі мен оның аумақтық құрылымдары ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуді жалғастыра береді. “Заң мен тәртіп” – тек ұран емес, бұл – қоғамның дамуына негіз болатын басты принциптердің бірі.

Comments