Анкара қаласындағы Башкент университеті Орталық Азиядағы бес елмен, атап айтсақ, Өзбекстан, Қазақстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен барлық байланысын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Caliber агенттігіне сілтеме жасап.
Университет басшылығы бұл шешімнің қабылдануына аталған мемлекеттердің Солтүстік Кипр Түрік Республикасының (СКТР) мүдделерін елемей, Кипр Республикасымен саяси қарым-қатынас орнатуы себеп болғанын мәлімдеді.
POLITIK Central Asia мәліметінше, Башкент университеті сенатының кезектен тыс отырысы 10 сәуірде өткен. Жиында Өзбекстан, Қазақстан және Түрікменстанның Никосияға елшілер тағайындауы мен Самарқанд саммитінің күн тәртібі сынды мәселелер қаралған.
Университет жанындағы Кипрді зерттеу орталығының директоры, доцент Мехмет Балъемездің айтуынша, бұл қадамдар тек Түркия ғана мойындаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасын елемеу ретінде қабылданады. Сенат бұл жағдайға байланысты өз ренішін білдіріп, Орталық Азия елдерін түркілік ынтымақтастық принциптерін бұзды деп айыптады.
Башкент университетінің мәлімдемесінде 2022 жылы Самарқандтағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде СКТР мәселесіне байланысты қайшылықтар туындағаны ерекше атап өтілген. БАҚ мәліметінше, сол кезде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев СКТР-ге бақылаушы мәртебе беруге қарсы шықса, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев бейтарап қалған. Кейінірек Өзбекстанның сол кездегі Сыртқы істер министрі Владимир Норов«Солтүстік Кипрді мойындау туралы сөз болуы мүмкін емес» деген мәлімдеме жасаған.
Башкент университеті Түркия мен СКТР арасындағы дипломатиялық қатынастарды сепаратизммен теңестіру логикасын үзілді-кесілді қабылдамайтынын мәлімдеді. Білім ордасы Орталық Азияның бес елі Солтүстік Кипрге қатысты ұстанымын қайта қарамағанша, академиялық ынтымақтастық толықтай тоқтатылатынын жеткізді.
Башкент университеті — Түркиядағы ең ірі жекеменшік университеттердің бірі. Ол 1994 жылы құрылған. Бұл жерде шамамен 13–16 мың студент білім алады, олардың 3%-ы — шетелдіктер.
4 сәуірде Еуропалық одақ пен Орталық Азия елдері саммитінің қорытындысы бойынша қол қойылған декларацияда аймақ елдері аумақтық тұтастық принциптерін ұстанатынын растады. Сондай-ақ олар БҰҰ-ның СКТР легитимділігін мойындамайтын қарарларын қабылдайтынын білдірді.
Башкент университеті Солтүстік Кипрге қатысты ұстанымына байланысты Орталық Азия елдерімен академиялық байланыстарды тоқтатқан алғашқы түрік университеті болып отыр.
"Industrial Development Fund" JSC launches a platform for accepting applications under the simplified car loan program
At the invitation of Putin, the leaders of 6 countries went to the Victory Parade in Moscow. Among them is Kassym-Zhomart Tokayev.